Сәкен Бибосынов Бахрейн қазағы Азат Махметовты жеңіп, ширек финалға шықты

Редактор
10.03.2024, 19:16

Енді бір жекпе-жекті жеңсе, Сәкен Олимпиада ойындарына жолдама алады

Қазақстан бокс федерациясы

Италияда өтіп жатқан бокстан лицензиялық турнирде Сәкен Бибосынов Бахрейн атынан өнер көрсетіп жатқан қазақ боксшысы Азат Махметовті жеңіп, ширек финалға шықты.

Қос боксшы бір-бірін жақсы біледі. Сондықтан, шаршы алаңда аңдысып көп жүрген жоқ, бірден қарқынды шабуылға кірісіп кетті. Дегенмен, қорғаныста қырағылық танытып, шабуылда ширақ қимылдаған Сәкен Бибосынов төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.

Ертең Сәкен ширек финалдық жекпе-жекте, британ боксшысы Киран Макдональдпен Париж жолдамасын сарапқа салады.

Айта кетейік, бүгін шаршы алаңға шыққан Алуа Балқыбекова да қарсыласын оңай ұтып, ширек финалға жолдама алды. Ол Оңтүстік Корея өкілі Чон Джухённан 4:1 есебімен басым түсті.