Бүгін тағы бес боксшы рингке шығады
Белградта басталған «Бранко Пешич» мемориалында Қазақстан құрамасының қос боксшысы есе жіберді.
Жарыстың алғашқы күнінде 71 келіде сынға түскен жастар арасындағы әлем чемпионы Сабыржан Аққалықов шаршы алаң иесі Антонио Биссетті 5:0 есебімен еш қиындықсыз ұтты.
Ал, 63,5 келіде сынға түскен Ерасыл Таңқай Армения боксшысы Нарек Хоранисянға қарсы айқаста 1:4 есебімен ұтылып қалды. 86 келіде үміт артқан Темірлан Мұқатаев әлем чемпионы, ресейлік Шарапутдин Атаевқа қарсы айла таба алмады.
Аталған мемориалдың бүгінгі сынында тағы бес отандасымыз жекпе-жек өткізеді.
Олардың арасында 57 келіде Оразбек Асылқұлов ресейлік Эдуард Саввинге қарсы шықса, 71 келіде Сабыржан Аққалықов мажар боксшысы Ромео Бузаға тегеурін көрсетеді. Ал, Диас Молжігітов (75 келі) Сербия өкілі Владимир Губаштың осал тұсын іздесе, 80 келіде үміт артып отырған Ерасыл Жақпеков Бельгия боксшысы Идрис Айтанмен өзара мықты анықтамақ.
Айта кететін жайт, Сербиядағы турнир 17 наурызда тәмам болады. Жарысқа әлемнің 16 мемлекетінің 106 былғары қолғап шебері жиналып отыр. Оның ішінде Қазақстан ұлттық командасы толық құрамда барған болатын. Олардың арасында әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай да бар.