Басшылардан кешірім сұратпақ болды – Ангелина Лукас Серік Сәпиевпен болған әңгіме туралы

Редактор
19.03.2024, 12:47

Боксшы қыз 2021 жылы ұлттық құрамадан шығарылды

instagram.com/angelina_lukas1997/

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында отандық бокста былықтың көп екенін тағы айтты. Бұған дейін де ол әлеуметтік желі арқылы федерация басшылығы мен бапкерлер құрамына өкпе-ренішін айтып келген болатын.

Соңғы сұхбатында Лукас Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтен хат алғанын жасырмады. Оның сөзіне сенсек, Сәпиев боксшы қыздан жария түрде федерациядан кешірім сұрауды талап еткен көрінеді.

Ангелина Лукас ұлттық құрама сапынан 2021 жылы шығарылған болатын. Ол Назым Қызайбаймен жанжалдасып, соңында кәсіпқой боксқа ауысып кетті.

«Ол (Серік Сәпиев – авт.) онлайн жиналыс жасады. Мені жақтаған жоқ, бейтарап позиция ұстанды. «Сіз жеке жаттығу жасайсыз» деді. Сәпиев мені командада қалдырды деген ақпарат тарады, екі күннен кейін маған өзі хабарласып: «Ангелина, мен сізге қазір бір қағаз беремін. Сіз сонда жазылған мәтінді камераға оқып бере аласыз ба» деп сұрады. Мен оқып беретінімді айттым. Қағазды алып қарасам: «Марат Мықтыбековтен, Бақтияр Артаевтан кешірім сұраймын. Мен оларға жала жаптым, ұлттық құрамада қаламын» деп жазылып тұр. Дереу қайта қоңырау шалып, ұлттық құрамадан кететінімді айттым. Ол менен кешірім сұруы керек еді», - деді Ангелина сұхбат барысында.