Бакудегі турнирде қазақ боксшысы әзірбайжандық қарсыласын қуып жүріп ұрса да жеңіліп қалды

Редактор
26.03.2024, 19:29

Ол жарыстың қола жүлдегері атанып отыр

Қазақстан бокс федерациясы

Әзірбайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан «Ұлы Жібек жолы» турнирінде қазақ боксшысы Бекзат Таңатар жартылай финалда сүрінді. 86 келіде өнер көрсететін жерлесіміз жарыс қожайыны Мурат Аллахвердыевке есе жіберді.

Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі Бекзаттың алғашқы екі раундта қарсыласынан кем жұдырықтаспағанын мәлімдеді. Тіпті, үшінші раундта әзірбайжандық боксшыны қуып жүріп сабаған. Соған қарамастан төрешілер жеңісті Аллахвердыевке берді.

Еске салайық, Бекзат Таңатар ширек финалда өзбек боксшысы Самандар Жалоловты жеңген болатын. Енді ол жарыстың қола жүлдегері атанып отыр.

Бұған дейін аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Қамшыбек Қоңқабаев пен 63,5 келідегі Серік Теміржанов та жартылай финалға жетпей жеңіліп қалған еді.