Ресейлік боксшы Қоңқабаевты мақтап, Жалоловқа ренішін айтты

Редактор
28.03.2024, 01:13

Ол осы турнирдің ширек финалында Қазақстан боксшысы Қамшыбек Қоңқабаевты жеңген болатын

Фото: Instagram/russianboxingfederation

Бакуде өтіп жатқан «Ұлы Жібек жолы» турнирінде қола жүлдені қанағат тұтқан ресейлік Рамазан Карнукаев жарыстан кейін пікір білді.

Ол осы турнирдің ширек финалында Қазақстан боксшысы Қамшыбек Қоңқабаевты жеңген болатын. Бірақ жартылай финалда Токио Олимпиадасының чемпионы, өзбек Баходир Жалоловтан жеңіліп қалды.

«Баходир өте ыңғайсыз қарсылас. Жалпы, жекпе-жек мен үшін жаман өткен жоқ. Негізі сәл салқынқандылық танытқанда бұдан да жақсы бокстасуға болар еді. Тым асығыстық танытып кеттім. Сондықтан біраз қателіктер жібердім. Оның үстіне, қарсылас та көп мүмкіндік бермеді. Өзім де ештеңе көрсете алмадық. Жалоловтың тәжірибесі мол, Олимпиада чемпионы. Сол себепті жеңісті соған берді. Ол жекпе-жектен көңілі толмай, бірдеңе айтып жатты. Негізі, төрешілікке қатысты пікірді Баходир емес, мен айтуым керек қой. Маған осы жекпе-жекке қарағанда ширек финалдағы кездесу ұнады. Қазақстан боксшысы (Қамшыбек Қоңқабаев) уақыт созбай, бокстасуға мүмкіндік берді. Ол кездесуде техникалық шеберлігімді көрсетіп, сенімді жұдырықтастым. Жалпы, осы турнирдегі боксыма минус төрт деген баға қоямын», - дейді Рамазан Карнукаев Ресей бокс федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, Карнукаев жарыстың бірінші күні қазақ боксшысы Қамшыбек Қоңқабаевты жеңген болатын. Ресей боксшысы осы жеңісінің арқасында жарыстың қола жүлдегері атанып отыр. Ал, Жалолов болса басты фаворит ретінде чемпиондыққа таласады.