Бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшалов басшылық қызметке тағайындалды

Редактор
13.04.2024, 13:09

Ол 2013 жылы әлем чемпионы болған

instagram.com/qajymuqan.sport

Астанадағы Қ.Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне жаңа басшы тағайындалды.

Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Роллан Серіков мекеме қызметкерлеріне жаңа басшы Мерей Ақшаловты таныстырды.

Ақшаловтың өзі де осы мектептің 2005 жылғы түлегі, бокс бөлімінің нұсқаушы-спортшысы.

Мерей Ақшалов 1988 жылы 8 мамырда Аягөз қаласында (қазіргі Абай облысы) дүниеге келді. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері. 2013 жылғы әлем чемпионы, Азия чемпионы. 2010 жылғы әскерилер арасындағы әлем чемпионы. 2013 жылдың Азия құрлығының ең үздік боксшысы. 2013 жылы Қазақстанның «Жыл спортшысы». 2008 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы. Спорттық мансабында 60 және 64 келіге дейін салмақ дәрежесінде жұдырықтасты.

Еңбек жолын Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері болып бастады. Кейін қалалық жоғарғы спорттық шеберлігі мектебі, спорт мектебі директорының орынбасары, директоры болып жалғастырды.

Ұлттық олимпиада комитетінде Ақмола облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары болды. Ақмола облысы Шортанды ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Соңғы жұмыс орны – ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қарасты Спортты дамыту дирекциясының бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы.