Ангелина Лукас әлемдегі үздік 10 боксшының қатарына енді

30.04.2024, 17:49

Ол әлемнің абсолютті чемпионы болуды көздейді

instagram.com/angelina_lukas1997/

Қыздар арасында кәсіпқой бокста аса жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық Ангелина Лукас (9-1, 5 КО) әлемдік рейтингтің алғашқы ондығына кірді.

Бұл туралы боксшының өзі Instagram-парақшасында жазды. Оның сөзінше, BoxRec сайтында кәсіпқой боксшылардың рейтингі жаңарған. Онда Ангелина Лукастың аты-жөні оныншы тұр.

Еске салайық, соңғы жекпе-жегін қазақстандық боксшы қыз 25 сәуірде Тайландта Үндістан өкілі Мамта Сингхпен (5-2, 2 КО) өткізді. Он раундқа жоспарланған жекпе-жек бесінші раундта техникалық нокаутпен аяқталды. Бұл – Лукастың кәсіпқой рингтегі тоғызыншы жеңісі. Осы жеңістен кейін жерлесіміз WIBF және WBF чемпиондық белбеулеріне ие болды. 

Бұған дейін Ангелина Лукас кәсіпқой бокста өз салмағында абсолютті чемпион атануды көздейтінін айтқан болатын. Бұл мақсатқа жету үшін оған негізгі төрт белбеуді – WBA, WBC, WBO, IBF титулдарын жеңіп алуы керек. Лукаста әзірге бұлардың бірде-бірі жоқ.