Ангелина Лукас бапкерінің кесірінен омыртқасын емдетіп жүргенін айтты

Редактор
05.05.2024, 12:42

Ол әуесқой бокста жүргенде арқасына адам арқалап жүгіре берген

instagram.com/angelina_lukas1997/

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас (9-1, 5 КО) жаттығуды дұрыс жасамаудың салдарынан д омыртқасын емдетуге мәжбүр болғанын айтты.

Үндістандық Мамту Сингхпен (5-2, 2 КО) WIBF және WBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын сарапқа салған соң ол мәжбүрлі түрде ем қабылдауға аттанған.

Лукастың сөзіне қарағанда, мұндай жарақатқа оның бұрынғы бапкері кінәлі.

«Қазір демалып, физио мен массаж қабылдап жатырмын, арқамды емдеуге кірістім, себебі жаттығулардың кесірінен тым көп күш түскен екен. Негізі омыртқам бұрыннан ауыратын, бәрі әуесқой бокста басталған. Ол кезде бапкеріміз таңғы жаттығуда бір-бірімізді арқалатып жүгіртетін. Бұл жаттығу не береді десеңіз, оның денсаулыққа келтіретін зиянынан басқа ештеңесі жоқ, әрі ауыр жарақатқа әкеп соғады», - деді Ангелина.

Айта кетейік, Лукас өзінің әуесқой бокстағы қадамын 2012 жылы Таразда бастады, 2017 жылы Шымкентке қоныс аударды. 2019 жылдан бастап бокстан Қазақстан құрамасының сапына енді.