Бір апта ішінде Украинаның үш боксшысы әлем чемпионы атанды

Редактор
20.05.2024, 16:39

Олардың үшеуі де әуесқой бокста Олимпиаданың финалына шыққан

Чемпионат

Кәсіпқой бокстан Украинаның үш боксшысы әлем чемпионы атанды. Василий Ломаченко, Александр Усик, Денис Беринчук бір апта ішінде жекпе-жектерін жеңіп, әлем чемпионы белдігіне қол жеткізді.

Василий Ломаченко 30 жастағы аустралиялық кіші Джордж Камбосты 11-раундта нокаутқа түсіріп, IBF нұсқасында әлем чемпионы болып отыр.

Ал, Александр Усик Сауд Арабиясында Тайсон Фьюримен шаршы алаңға шығып, WBC нұсқасында да әлем чемпионы атанды. Ол 2021 жылы Энтони Джошуаны ұтып, IBF, WBA және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы белдігіне ие болған еді. Енді Усик аса ауыр салмақта әлемнің абсолютті чемпиондығын иеленді.

Сондай-ақ, 19 мамырда тағы бір украиналық кәсіпқой боксшысы Денис Беринчук Сан-Диегода мексикалық Эмануэль Наварретені ұтып, WBO нұсқасында әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Ол осымен Украиның кәсіпқой бокстағы 14-ші әлем чемпионы ретінде тізімге енді.

Айта кететін жайт, аталған үш боксшы 2011 жылы әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатында және 2012 жылы Лондон Олимпиадасында финалға шыққан. Олардың арасында Ломаченко мен Усик чемпион атанса, Беринчук екі сында да күміс жүлдеге ие болды.