Қазақстанның тағы бір боксшысы лицензиялық турнирде жеңіске жетті

Редактор
27.05.2024, 17:18

Бұған дейін үш боксшысымыз рингке шығып, үшеуі де жеңіске жеткен болатын

Қазақстан бокс федерациясы

Таиландта өтіп жатқан бокстан бүкіләлемдік лицензиялық турнирде ұлттық құрама мүшесі Валентина Хальзова алғашқы айналымды сәтті бастады.

75 келіде шаршы алаңға шыққан әлем чемпионы Украина боксшысы Каролина Махноны 5:0 есебімен ұтты. Үш раундта да қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсеткеннен соң төрешілер жеңісті бір ауыздан Қазақстан боксшысына берген. Осылайша Хальзова екінші айналымға өтті. 

Оның келесі қарсыласы Моңғолия өкілі Эденетуя Энхбаатар болмақ. Аталған жекпе-жек 1 маусым күндіз өтеді.

Бүгін шаршы алаңға шыққан Римма Волосенко да жеңіске жеткен болатын. Ол 60 келіде Германия боксшысынан басым түсті.

Сондай-ақ, Бангкоктағы іріктеу бәсекесінде 63,5 келіде Мұхамедсабыр Базарбайұлы мен әйелдер құрамасынан 50 келіде Назым Қызайбай алғашқы кездесуінде жеңіске жетті.