Дмитрий Биволдың титул қорғау жекпе-жегі нокаутпен аяқталды (ВИДЕО)

Редактор
02.06.2024, 08:48

Ол бұрынғы жерлесі Артур Бетербиевпен жұдырықтасуы тиіс еді, алайда, соңғы сәтте қарсыласы ауысты

Reuters

Жартылай ауыр салмақта өнер көрсететін ресейлік кәсіпқой боксшы Дмитрий Бивол (23-0, 12 KO) ливиялық Малик Зинадты (22-1, 16 KO) нокаутпен жеңіп, WBA Super және IBO чемпиондық титулдарын қорғап қалды.

Бокс кеші Эр-Риядта өтті. 12 раундтқа жоспарланған жекпе-жек алтыншы раундта техникалық нокаутпен аяқталды. Бірінші раундта Бивол қарсыласына ауыр соққысын дарытып, төреші нокдаун есептегеннен кейін, жекпе-жек қарқыны біршама бәсеңдегендей болған. Алайда, Бивол алтыншы раундта шабуылдарын үдетіп, рефери кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды.

33 жастағы Бивол үшін бұл кәсіпқой бокстағы 23-жеңісі. Зинад болса алғаш рет жеңіліп отыр.

Енді ресейлік боксшы келесі жекпе-жегінде бұрынғы жерлесі Артур Бетербиевпен (20-0, 20 КО) жұдырықтасуы тиіс.