Мұхтархан Ділдәбеков Қамшыбек Қоңқабаевтың алтын медаль алатына сенеді

Редактор
06.06.2024, 22:34

Париж Олимпиадасында Қазақстан намысын 10 боксшы қорғайды

instagram.com/mukhtarkhan_official/

Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Ділдәбеков Sport Plus Qazaqstan арнасына берген сұхбатында Париж Олимпиадасында кімдерден жүлде күтетінін айтты.

«Алда Олимпиада ойындары. Токиодағы сәтсіздіктен кейін Қазақстан Парижде жақсы команда жасақтай алды ма? Меніңше, иә. Бірнеше спортшы екінші рет Олимпиада ойындарына бара жатыр. Олар – Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев. Екеуі де Олимпиада дегеннің қандай болатынын жақсы біледі. Сондай-ақ, ағайынды Оралбайлар, Махмұд Сабырхан бар. Біз олардан таңғажайып нәтижелер күте аламыз. 2000 жылы Бекзат Саттарханов чемпион болады деп кім ойлады? Сондықтан қазір де алтын медаль болуы тиіс. 

Қазақстан боксындағы дәстүрді жаңғырту үшін бәрін істеп жатыр. Федерацияға жаңа басшылық келді. Боксшыларға жағдай жасап жатыр. Енді жігіттерге рингке шығып, өздерін дәлелдеу ғана қалды», - дейді Мұхтар Ділдебеков.

Париж Олимпиадасында Қазақстан намысын 10 боксшы қорғайды. Ерлер құрамасында Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), Асланбек Шымбергенов (71), Нұрбек Оралбай (80 келі) Айбек Оралбай (92 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) бар. Қыздардан: Назым Қызайбай (50 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Валентина Хальзова (75 келі) қатысады.