Дзюдода да нәтиже көңіл көншітпейді
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қытайда өткен Азия ойындарының қорытындысы бойынша федерациялардың есебін тыңдау кезінде қазақстандық боксшылардың физикалық және функционалды дайындығында кем тұстар көп екенін, әйелдер боксында резервтің жоқтығын атады.
«Бәріміз Карина Ибрагимованың (57 кг) финалдағы, Асланбек Шымбергеновтің (71 кг) жартылай финалдық жекпе-жегінде болған жағдай туралы жақсы білеміз. Алайда, бұл команданың жалпы көрсеткен нәтижесіне себеп болмауы тиіс. Біздің боксшылар екінші раундтан кейін шаршап қалып жатыр. Федерацияның ұсынысымен спортшылардың физикалық дайындығын жақсарту мақсатында шетелдік кеңесші шақырылғанымен, нәтиже көңілдегідей болмай шықты. Әйелдер боксында резерв жоқ, бір спортшы барлық турнирге қатысып шығады», - деді министр.
Бұдан бөлек, дзюдо федерациясының есебін тыңдаған министр Азия ойындарында жақын көршілес елдерден медаль саны бойынша да, жеке белдесулер бойынша да қалып қойғанымызды сынға алды.
«Бір ғана мысал, Қазақстан ерлер құрамасының балуандары Ханчжоу татамиінде Тәжікстан спортшыларымен үш рет кездесіп, өкінішке қарай, соның екеуінде қарсыластарына жол беріп қойды. Нәтижесінде Тәжікстан мен Қырғызстан – 1 алтыннан, Өзбекстан 3 алтын медаль жеңіп алды», - деді министр.
Ол өз кезегінде соңғы жылдары дзюдошылардың нәтижесі де, деңгейі де төмендеп бара жатқанын жеткізді.
«Соңғы онжылдықта дзюдодан ұлттық құрама салыстырмалы түрде бір деңгейде өнер көрсетіп келді. Елдос Сметовтің жетістіктері федерацияны алға тартты. Бірақ қазір оның жасына сай күш-жігері аздап сарқыла бастағанда ұлттық құраманың шынайы деңгейі белгілі болды», - деді Ермек Маржықпаев.