«Кедергі болмайды деп үміттенемін». Назым Қызайбай осы жолы Парижде топ жаруды көздеп отыр

Редактор
05.07.2024, 17:55

Қызайбай кәсіпқой боксқа ауысуы мүмкіндігі туралы айтты

t.me/boxing_kazakhstan

Қазақстандық танымал боксшы Назым Қызайбай  екі әлем чемпионатының алтын медаліне енді Олимпиада жүлдесін қосуды көздейді.

Боксшы қыз Kazinform-ға берген сұхбатында мол тәжірибесіне қарамастан Олимпиада ойындарына неліктен тұңғыш рет қатысып отырғанын түсіндіре кетті.

«Рио-де-Жанейро қарсаңында олимпиадалық салмақта өнер көрсеткен жоқпын, сол үшін де бара алмадым. Ал Токиодағы ойындар алдында ХОК пандемияға байланысты соңғы іріктеу турнирін өткізбеді. Қазір жолдамам бар және алғашқы Олимпиадама тыңғылықты дайындалып жатырмын. Олимпиадаға қатысып, еліміздің туын көтеруді бала кезімнен армандайтынмын. Париж жақындап қалды, мен де арманыма жақын қалғанымды сезіп жүрмін. Қазір ұлттық құрамадағы қыздармен бірге соңғы жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Күш бар, енді Франция жерінде әлеуетімді толық көрсетсем деп ниеттеніп отырмын. Ешқандай да сыртқы факторлар мақсатыма жету жолында кедергі болмайды деп үміттенемін. Қарсыластарымның атақ-даңқына қарамастан өз боксымды көрсетуге тырысамын», - деді Назым.

Қызайбай кәсіпқой боксқа ауысуы мүмкін деген сыбысқа қатысты да жауап берген.

«Риоға бара алмаған соң осындай ой келген. Келісімшарт ұсынған компаниялар да болды. Олардың ұсыныстарына көңілім толған жоқ. Оның үстіне Олимпиада медалі туралы арманым маза бермеді. Себебі бұл кез келген спортшының басты мақсаты. Осы орайда боксымыздың дамуына үлес қосып жатқан барша адамға алғыс айтамын. Қазақстан бокс федерациясының басшылығына рахмет. Құрамамызға сәттілік пен жоғары нәтиже тілеймін», - деді боксшы қыз.