Головкин федерацияны ресейлік басқаратын ұйымнан шығарта алса Қазақстан Олимпиадаға қатысуы мүмкін

Редактор
07.07.2024, 17:24

Халықаралық Олимпиада комитеті ресейлік Умар Кремлев басқаратын IBA-ның қаржылық есебіне сенбейді

ҰОК

Жақында Халықаралық бокс қауымдастығына (IBA) мүше ұлттық спорт федерацияларының атынан шыққан боксшылар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға жіберілмейді.

Бүгін Қазақстан Олимпиада комитетінің жаңа басшысы Геннадий Головкин осыған қатысты мәлімдеме жасады.

Ол Reuters тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан бокс федерациясының басшылығына Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) шығу керектігін айтқан.
«Біз өз тарапымыздан Қазақстан бокс федерациясын World Boxing ұйымына кіруге үгіттейміз, ол үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Алайда ҚБФ-ның таңдау құқығы бар. Шешімді өздері қабылдайды. Құқықтық тұрғыдан мен оларға қысым көрсете алмаймын», - деді Геннадий Головкин.

Бұған дейін федерацияны басқарған Кеңес Рақышевтің IBA-дан шығып кетуге ерік-жігері жете қойған жоқ. Ал жаңа басшы Шахмұрат Мүтәліптің сыналатын тұсы осы болып тұр. Өтйкені ХОК Халықаралық бокс қауымдастығына (IBA) мүше ұлттық спорт федерацияларының атынан шыққан боксшылар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға жіберілмейтінін мәлімдегені бар. Енді «Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» шешім қабылдау жаңа менеджерге байланысты.

Халықаралық Олимпиада комитеті ресейлік Умар Кремлев басқаратын IBA-ның қаржылық есебіне сенбейді. Өте үлкен күмәнмен қарап отыр. Кремлев басшылыққа келгені ұйым боксшылар көлемді сыйақыны оңды-солды тарататын болған. Енді Париж Олимпиадасында чемпион атанған және жүлдегер болған боксшыларға 3,1 миллион доллар жүлде қорын қарастырғанын мәлімдеген. Бұл қаржы 100-ден астам боксшыға бөлінеді.

Бүгінде World Boxing ұйымына Аустралия, Аргентина, Барбадос, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Гондурас, Дания, Доминика Республикасы, Канада, Моңғолия, Нидерланд, Жаңа Зеландия, Панама, Перу, Сингапур, АҚШ, Франциялық Полинезия және Швеция кіреді.
Әзірге бокс державасы саналатын Өзбекстан, Куба сияқты елдер өз таңдауын жасаған жоқ. 

Головкиннің мәлімдесі Умар Кремлевке жеткені анық. Қызық енді басталуы тиіс. Қазақстанның таңдауы қалай болатыны уақыттың еншісінде.