«Саясатқа қатысы жоқ шығар». Головкиннің мәлімдемесін ресейлік спортшылар түсінбей жатыр

Редактор
09.07.2024, 14:45

Ресейліктер IBA өзін жақсы қырынан көрсетіп келетінін айтады

© РИА Новости / Нина Зотина

WBC нұсқасы бойынша бұрынғы әлем чемпионы, қоғам қайраткері Григорий Дрозд «Матч ТВ» телеарнасына берген сұхбатында Геннадий Головкиннің Қазақстан бокс федерациясына Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) құрамынан шығу туралы ұсынысы саясатпен байланысты емес шығар деп үміттенеді. 

Орта салмақта WBC, IBF, WBA, IBO нұсқалары бойынша бұрынғы әлем чемпионы Головкин Reuters-ке берген сұхбатында Қазақстан бокс федерациясының ресейлік Умар Кремлев басқаратын IBA құрамынан шығып,  World Boxing-ке өткенін қалайтынын айтқан. ҰОК басшысының бұл сөздері ресейлік сарапшыларға ұнап жатқан жоқ.

«Головкинмен жақсы таныспын, Германияда екі жыл бойы промоушенде болдық, жаттығу жасадық. Ал қазір оның айтып тұрғаны... Ол ҰОК басшысы ғой. Оның бұл шешімі мен қалауы боксты, спортшылар мен бапкерлердің жағдайын жақсартуға негізделген деп үміттенемін. Бұл саясатқа қатысы жоқ шешім шығар деген үміт бар. Себебі Қазақстанда әуеқой бокс жақсы дамыған. Мұның қаншалықты дұрыс-бұрыстығына баға бере алмаймын, оны уақыт көрсетеді.

Бір айтарым, бүгінгі таңда IBA өзін жақсы қырынан көрсетіп келеді. Әуесқой боксты дамытуға, танымалдылығын арттыруға бағытталған реформаларға, сыйақыларға қараңызшы. Бұл жаңа деңгей, жаңа стратегия. IBA – бұл өте мықты ұйым. Егер ХОК тарапынан негізсіз сындар мен қысым болмағанда, бұл ұйым ХОК-тің қатарында болушы еді. IBA – әуесқой бокстағы ең мықты ұйым, әрі солай болып қала береді. Түптің түбінде бәрі бірігіп, ХОК қатарына кіреді», - деді Дрозд.

Айта кетейік, бұған дейін  Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, кәсіпқой бокстан бірнеше тұжырымда әлем чемпионы Геннадий Головкин «Қазақстан бокс федерациясы IBA ұйымынан шығуы керек» деген пікір айтқан болатын. Өйткені, ХОК (Халықаралық Олимпиада комитеті – авт.) IBA-ны жемқорлыққа белшеден батқан ұйым деп танып, Олимпиада ойындарынан аластатқан болатын.

Материалда: