Америкалық даңқты боксшы Жәнібек Әлімханұлын жекпе-жекке шақырды

Редактор
22.11.2023, 16:51

Чарло қазақ боксшысын жеңетініне сенімді

Фото ашық дереккөзден

Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы WBC тұжырымының чемпионы Джермалл Чарло (32-0, 22 KO) Showtime телеарнасына берген сұхбатында қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлымен (15-0, 10 KO) жекпе-жекке шығуға қарсы емес екенін айтты. Жерлесіміз осы салмақта WBO және IBF чемпиондық титулының иегері. 

Айта кетейік, Джермалл Чарло екі жарым жыл үзілістен кейін биыл 25 қарашада рингке қайта оралады. Оның қарсыласы – америкалық кіші Хосе Бенавидес (28-2-1, 19 KO).

«Кімнің титулы бар, соның бәрімен жекпе-жек өткізгім келеді. Ең бірінші кезекте әлгі жігіт, атын ұмытып тұрмын, иә Жәнібекпен кездессем деймін. Оны жеңгеннен кейін абсолютті чемпиондыққа жақындаймын», - деді Чарло.

Sports.kz порталының жазуынша, қос боксшының чемпиондық жекпе-жегіне кедергі көп. Промоутерлер мен спорттық телеарналар әзірге бұған жол бермеуі мүмкін. Мәселен, Жәнібек Top Rank және ESPN телеарналарымен ғана жұмыс істессе, Чарло PBC мен Showtime-да.