Аталған жекпе-жекке Жәнібек әлімханұлының екі бірдей чемпиондық белбеуі бәске тігілген еді
Жаңазеландиялық боксшы Андрей Михайловичтің командасы өтпей қалған жекпе-жекке байланысты қазақстандық Жәнібек Әлімханұлын атақ-дәрежесінен айыруға шақырды.
Бұған дейін Жәнібек салмақ қуудан соң қалпына келе алмай, есінен танып қалған еді. Салдарынан қос боксшы арасындағы жекпе-жек өтпейтін болды.
Андрейдің бапкері әрі менеджері Айзек Пич NZ Herald-қа берген сұхбатында былай деді:
«Бұл жаңалық Андрейге ауыр соққаны рас. Меніңше, Жәнібекті титулдан айыру керек. Одан белдікті алып қоятынына және жуық арада бос тұрған атақ үшін таласатынымызға сенімдімін.
Біздің жоспарымыз осы. Бірақ алдымен мына жағымсыз жайттың салдарын жойып алуымыз керек. Соңғы 10-12 ай бойы үздіксіз жұмыс істеп, бұл айқаста жеңіске жету жолында аянбай тер төктік, сондықтан бұл жаңалықтан соң жүрегіміз қарс айырылды.
Жәнібек бізді ғана емес, ESPN телеарнасын, промоутерлерін тығырыққа тіреді. Бәрінің күл-талқаны шықты.
Шынымды айтсам, әлі түсіне алмай жатырмын. Адам сенгісіз жайт. Бұл кәсібилік емес, ақымақтық. Жәнібек пен оның командасының қаражаты бәрін ойдағыдай атқаруға жететін еді. Бізде ғой, ештеңе жоқ: гаражда жаттығу жасаймыз, соның өзінде бәрі орын-орнымен. Жиіркенішті жағдай. Шыны керек, өте ашулымын».
Ал Михайловичтің қолдау білдіріп жатқан жандарға алғысын жеткізді.
«Бұл туралы айтудың өзі оңай емес. Жәнібекпен айқастың өтпейтінін білу үшін ғана Вегасқа дейін сонша жол жүріп өттім. Ол қажет салмаққа жете алмай, ауруханаға түсті. Мұндайда ештеңе өзгерте алмайсың. Ақымақ адамның сөзін де айтқым келмейді.
Бастысы, мені әлемнің түкпір-түкпірінен қолдаған жандарға алғысым шексіз екенін жеткізгім келеді. Отбасым мен демеушілеріме рахмет. Әзірге болашақ туралы ештеңе айта алмаймын. Көңіл күйді түсірмей, кәсіби спортшы ретінде әрі қарай жаттығуымды жалғастырамын. Бар айтарым осы. Бәріне рахмет. Сіздерді жақсы көремін», - деді боксшы.
Қазір Жәнібек ауруханадан шықты. Боксшының командасы оны шаршы алаңға 2-3 айдан соң оралады деп отыр.