«Болар іс болды». Даңқты боксшы Жәнібек Әлімханұлына кеңес берді

13.07.2024, 13:54

Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясының президенті сұхбат берді

vesti.kz

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жек алдында есінен танып, жекпе-жегі өтпейтіні қоғамда қызу талқылануда. Осы орайда біз даңқты боксшы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясының президенті Виктор Демьяненконың пікірін білуді жөн көрдік.

– Виктор Леонидович, өзіңіз білетіндей, Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жек алдында есінен танып, ауруханаға түсті, тиісінше жекпе-жегі өтпейтін болды. Қалай ойлайсыз, осындай тәжірибелі боксшы мұндай жайтқа қалай тап болды?

– Бұл бокста бірінші жағдай емес, жігіттер салмақ қууда қателіктер жіберіп жатады. Ағзадағы су деңгейі тым төмендеп кететін жайттар жиі кездеседі, себебі салмақ қуу кезінде кейбір боксшылар тамақтануға болады, бірақ су ішпеу керек деп санайды. Негізі бәрі керісінше, тамақ ішпей жүре аласың, бірақ міндетті түрде су ішу керек. Осындай кемшіліктерге бой алдырған боксшыларымыз болған, олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Қалай дегенмен Жәнібекке енді өте білікті дәрігер керек. Себебі дәрігер спортшыға мұндай жағдайда болатын дененің құрысуынан арылуға көмектеседі.

– Жәнібектің командасы мұндайға қалай жол беріп жүр? Қоғамда әртүрлі пікір айтылып жатыр, біреулер команда диетологтан ақша үнемдегісі келді дейді... Бұл қаншалықты ақылға қонымды?

– Меніңше, бұлай болады деп ешкім күтпеген тәрізді. Жәнібек тәжірибелі боксшы ғой, сондықтан ол салмақ қууда бәрін бақылауда ұстайды деп сенген де болар. Салмақ өлшеу рәсімі алдында мұндай болады. Әдетте айқастан бір күн бұрын күндіз ресми салмақ өлшеу рәсімі өтеді. Шамасы соның алдындағы түнде қажетті көмек көрсетілмеген.
Кім дұрыс, кім бұрыс дегенді сараптап отырудың қажеті жоқ. Болар іс болды.

– Бұл жайт оның атақ-дәрежесіне нұқсан келтіре ме?

– Жәнібектің өзі немесе оның командасы қарсыласының сыйақысын береді деп ойлаймын. Әлімханұлының командасы бұл жекпе-жекті қалай да өткізуге тырысады. Себебі жаңазеландиялық боксшы лайықты қарсылас. Оларға да Жәнібекпен бокстасу қызық.

– Жәнібектің менеджері Берік Сұлтан боксшының 2-3 айдан соң шаршы алаңға оралатынын айтты. Осы уақыт аралығында ол қалыпқа келіп үлгере ме?

– Қалыпқа келіп үлгереді. Тек 2-3 айда жекпе-жек өткізуге келісе ала ма, ол жағын білмеймін. АҚШ-та турнир аясында шығып қалуы да әбден мүмкін. Күтеміз. Бәрі жақсы болады деп үміттенемін.

– Ал жерлесіміздің қарсыласы туралы не айтасыз?

– Промоутерлер өзара келіскен, дәл қазіргі таңда жақсы таңдау деп ойлаймын.

– Жәнібек өнер көрсететін орта салмаққа қатысты да сын көп. Халықаралық сарапшылар ол ең әлсіз дивизионда өнер көрсетеді, мықты боксшылар жоқ дегенді жиі айтады.

– Лайықты қарсылас табу, онымен келісу оңай шаруа емес. Көбісі осындай жағдайлардан қашады. Өзіне ыңғайсыз боксшымен кездесуден қорқады. Василий Жиров Олимпиада чемпионы болды, кәсіпқой бокста талай жыл жүрді. Бірақ өз басым Жировты кәсіпқой бокста толық әлеуетін көрсетті деп айта алмаймын, тек IBF чемпионы атағына қол жеткізді. Себебі қарсыластары одан қашатын. Негізі мықты боксшы ғой, бірақ арасында жеңілді де, сөйте тұра одан қандай бокс, қандай әдіс күтуді білмейсің, ол сонысымен де өзгелерге ыңғайсыз қарсылас болды. Кезінде Костя Цзю, Геннадий Головкин, Артур Бетербиев секілді боксшыларға қарсылас табу оңай болған жоқ.

– Михайловичтің бапкері әрі менеджері Айзек Пич Жәнібекті чемпиондық атақтарынан айыру керек деп мәлімдеме жасады. Ұйымдар бұған құлақ асуы мүмкін бе?

– Боксшы белгілі бір уақыт аралығында чемпиондық атағын қорғауы керек. Спортшы жарақат алып немесе ауырып қалса, уақыт берілуі мүмкін, бірақ келесі жолы ештеңеге қарап отырмайды. Сондықтан тартып алуы да ғажап емес.