«Таза ақымақтық»: Бақтияр Артаев «дикий» Арман үшін қызметінен кеткенін растады (ВИДЕО)

Редактор
14.07.2024, 00:49

Оны жұмыстан кетірген шенеуніктің өзі қазір түрмеде отыр

Қазақстан бокс федерациясы

«Қаңтар» оқиғасынан кейін Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті және мемлекеттік бапкер қызметінен кеткен болатын. Ол «Уақыт көрсетеді» YouTube-каналында осының екі себебін айтты.

Біріншісі – сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың орнын басады деп қорыққандар болған көрінеді. Ал, екінші себебі – боксшының «Қаңтар» оқиғасына қатысы бар деп күдікпен ұсталған «Дикий Арманды» қолдап пост жазуы. Ең басты себебі де осы болған екен.

«Кім кіммен араласпай жатыр? Таза ақымақтық. Ашығын айтайық, түнгі сағат екіде қорқор (кальян) шегіп отырып, сол кездегі Спорт комитетінің басшысы хабарласты. «Дикий Арманмен» араласады екенсің, жұмысты босатуың керек» деп айтты. Айлығым 180 мың теңге болды. Шетелде мен сияқты маманды 10 мың доллар төлеп шақырар еді. «Токиодан жылап келдіңдер. Ұлттық Олимпиада комитеті мен министрлік кінәні бір-біріне жауып сілтедіңдер. Алтын жоқ. Араға 2 сай келіп, Сербиядағы әлем біріншілігінен екі алтын алып бердім. Сонда 180 мың төлеп, осының өзін артық көріп кеттіңдер ме?» дедім. Мейлі деп, трубканы қойып, арызымды жазып бердім», - дейді Бақтияр Артаев.

Боксшыға хабарласқан – Спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқарған Самат Ерғалиев. Ол қазір бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен уақытша ұстау изоляторында жатыр.

«Алла шебер. Өзі мәңгі сол жерде отыратындай ойлады. Енді қазір өзі қайда отырғанын білесіздер», - дейді спортшы.

Айта кетейік, 2022 жылы ақпан айында Бақтияр Артаев «Дикий Арман» ретінде танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевке арнап пост жазды. Ол «бауыры үшін жүрегі ауыратынын» айтып, босатуды сұраған болатын.

Арман Жұмагелдиев болса «Қаңтар оқиғасына» қатысты екі жарым жылдан бері тергеу изоляторында жатыр.