Салмақ қуа алмай талып қалды дегенді бірінші рет естуім – Болат Манкенов Жәнібек Әлімханұлы жайында

14.07.2024, 10:18

Кәсіпқой боксшы салмақ қуу процесін жекпе-жекке 100 күн қалғанда бастауы керек дейді маман

rsk.almaty

Кәсіпқой бокстан орта салмақта WBO/IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жек алдында денсаулығы сыр беріп, ауруханадан бір-ақ шыққаны белгілі. Салмақ қуып, ағзасы әбден зорыққан қазақ боксшысы енді кемі 2-3 ай емделеді. Ал, 1bol.kz тілшісіне сұхбат берген Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының бас хатшысы Болат Манкенов мұны кәсіби деңгейдің төмендігінен деп отыр.

– Жәнібек Әлімханұлымен болған жағдай жанкүйерлерді есеңгіретіп қойды. Тәжірибелі боксшы мұндай күйге қалай түсіп жүр?

– Өте өкінішті және сорақы жағдай. Жәнібек кәсіпқой боксқа кеше келген жоқ. Екі бірдей белбеудің иесі. Ереже бойынша чемпион атанған боксшы атағын бір жылдың ішінде қорғауы керек. Неге бұлай болғанын мен де түсіне алмай тұрмын, естігенде таңғалдым. Кім біледі, ауырып, салмағын қалыпта ұстай алмай қалды ма екен, жанында жүрмеген соң бірдеңе деп айту қиын. 

Олимпиадалық құрамадағы боксшы төрт жыл бойы өз салмағын бақылап, соған дайындалып жүреді, кәсіпқой бокста да бәрі сол талапқа бағынады. Яғни, бұл кәсіби деңгейдің төмендігін көрсетеді. Бірақ қазір әлемде вирус көп, соның бірін жұқтырып алды ма екен деген қауіп бар. Жәнібектің өзі мән-жайды түсіндіріп айтар деп үміттенемін. 

– Жәнібек танымал проуметерлік компаниямен жұмыс істейді, командасы бар, оның денсаулығын, бабын кім қадағалауы керек еді?

– Негізі кәсіпқой боксшылар жекпе-жекке 100 күн қалғанда арнайы лагерьде жаттығады. Салмақ қуу сол кезде кезең-кезеңімен жүзеге асады. Тіпті, әуесқой бокстың өзінде салмақты үш ай бұрын қуып бастайды. Оны тәжірибелі боксшылардың бәрі біледі. Ол жас бала емес, тәжірибесі мол боксшы. Өзіндік рекорды бар, үздік ондыққа кіреді. 

Шынымды айтсам, чемпиондық жекпе-жек алдында қарсыластардың бірі салмақ жасай алмай, есінен танып қалды дегенді бірінші рет естіп тұрмын. Бәлкім болған да шығар, бірақ өз басым естімеппін. Жарақат алып қалса, түсінікті еді, жаттығу кезінде ондай жағдайлар жиі болады. Бірақ ағзадағы су деңгейі түсіп кетіп, боксшы ауруханаға түсті деген таңғаларлық жағдай екен. Егер ауырған болса, оны неге ертерек айтпады?!

Кезінде Ержан Залилов пен Искандер Харсан арасындағы жекпе-жек те өтпей қала жаздады. Себебі Ержан қанша тырысып бақса да, 300 грамм салмақ кетпей қойды. Өзі келіп осы жайтты айтқан соң, айқасты өткізбейміз деп едім. Арада бірнеше сағат өткен соң екеуі келісіп, жекпе-жек өтті, Ержан тіпті нокаутпен жеңді. Әйтпесе сол күні таңда аяғы құрысып қалғанын білемін, сонда да қалпына келіп үлгерді. Бірақ бәрібір қомақты айыппұл салынды. 

– Жәнібекке қатысты қандай шара қолданылуы мүмкін?

– Мұның бәрін арнайы комиссия шешеді. Рейтингілік, атлетикалық, медициналық, төрешілер комиссиялары жіті зерттейді. Қарсыласы жақсы боксшы, Жәнібек атағын қорғап шықса, мәртебесі артар еді деп ойлап жүр едім. Жанкүйерлер саны көбеюші еді. 

Жәнібек 30-дан асты, сондықтан тағы үш жылдай тынымсыз еңбек ету керек. Қазақта «ердің аты шықпаса да, шаңы шықсын» деген сөз бар ғой. Бастысы, аман болсын!

– Боксшымыздың болашағы туралы ойыңыз қандай?

– Кәсіпқой бокс дегеніміз – үлкен индустрия. Боксшыларды ғана емес, кәсіби спортшылардың бәрін өзінің бағасы бар өнім деп есептейді. Компаниялар соларды іріктеп, сапаны арттыруға жұмыс істейді. Нарықта оның мыңдаған, миллиондаған жанкүйері болуы керек. 

Халықаралық бокста даңқ залы деген бар. Кәсіпқой бокста 17 салмақ болса, жүз жылда мыңдаған чемпион шықты. Бірақ бір ғасырда 15-17 ғана боксшының есімі сол залға енген. Бұл тізімге ену неге қиын? Біріншіден, талант керек. Екіншіден, еңбекқорлық қажет. Үшінші – зияткерлік. Ал төртіншісі – харизма. Міне, осы төрт қасиет өзара тоғысқанда ғана даңқ залынан орын алатын деңгейге жетесің. Кеншілер, құрылысшылар кезекпен үздіксіз үш уақыт жұмыс істесе, боксшылар да бокспен өмір сүруі керек. 

Геннадий Головкинді де солардың қатарына жатқызамын. Он жылдан астам уақыт әуеқой бокста жүрді, тағы он жылдай кәсіпқой бокста бақ сынады, сонан соң ғана ол өзін мойындата бастады. Әлем танитын боксшыға айналды. Сөйте тұра оның артық сөйлегенін, қарсыластарын кемсіткенін естімейсің. Ол бәрін шаршы алаңда шешеді, оны сол үшін де бокс әлемі құрметтейді.

– Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рахмет!