«Шымбергенов – алтын, Қоңқабаев күміс немесе қола». Танымал боксшы Олимпиада ойындарына болжам жасады

Редактор
17.07.2024, 15:57

Ерлер құрамасы аламанға толық құрамда қатысады

kfb.kz

Келесі аптада Парижде Олимпиада ойындары басталады. Қазақстандық жанкүйерлер әдеттегідей боксшыларға үміт артады. Спорттың бұл түрінен жарыстар 27 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді. Ерлер құрамасы аламанға толық құрамда қатысады.

Осы орайда Sports.kz сайтына берген сұхбатында 2013 жылғы Азия чемпионы, 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы Антон Пинчук Олимпиада ойындарына қатысты болжамын айтқан.

– Шілде айының соңында Олимпиада басталады. Қандай нәтижеге үміт артсақ болады?

– Тек жеңіске. Бәрінің тас-талқанын шығарып, өзіңді дәлелдеуің керек.

– Бокстан қанша медаль күтейік? 

– Меніңше, Қазақстанда алтын да, күміс те, қола да болады. Болжам жасау қиын, бірақ бәрі Жаратушының қалауымен ғой. 

– Ол жүлделерді кім алуы мүмкін? 

– Жеңіл салмақ өкілдерінің алар еншісі бар деп ойлаймын. Асланбек Шымбергеновтен үлкен үміт күтеміз. Қамшыбек Қоңқабаев та жүлдесіз қалмауы керек. 

– Бір кездері Асланбек Шымбергеновті Данияр Елеусіновпен алмастыру керек деген ойлар айтылды. Бұл өз нәтижесін беруші ме еді? 

– Ауыстырмағаны дұрыс болды. Себебі Асланбек қазір өз шыңында тұр, қарсыластарына оны тоқтату оңай соқпайды. Елеусінов – жақсы боксшы, біз бірге талай кезеңнен өттік. Бірақ кәсіпқой бокс дегеніміз мүлде бөлек дүние. Әуесқой бокспен даярлық жағынан да айырмашылығы үлкен.

– Көптен бері өзбек Баходир Жалоловты ешкім жеңе алмай жүр. Оған қарсы қандай тактика қолдану керек? 

– Арақашықтықты сақтап бокстасудан түк шықпайды. Ол өз жұмысын жақсы біледі. Жалолов бірінші болып шабуылдайтын боксшылармен төбелескенді ұнатады. Оны жеңу үшін міндетті түрде шабуылдап, қыса беру керек.

– Қамшыбек Қоңқабаевтың мүмкіндігін қалай бағалайсыз? 

– Қамшыбек соңғы кездері Жалоловты ұтай алмай жүр. Бәрі психологиялық даярлыққа байланысты. Міне, осымен жұмыс істеу керек. Қоңқабаев оны кезінде жеңген де, енді нақты тактика құрып, сол бойынша жұмыс істеу керек. Артқа шегіну дегенді ұмыту қажет. 

– Қазақстандық боксшыларға неге мән беру керек? 

– Өзім де талай жаттығу лагерьлерінен өттім. Физикалық даярлықты арттыру керек деп санаймын. Бізде техникалық боксшылар көп, ал бокста физиканы да күшейту қажет. Әйтпесе боксшыларымыздың деңгейі өте жоғары.  

– Біздің боксшылар техникаға мән беріп, ал өзбектер төбелескенді ұнатады, соның нәтижесін де көріп жатыр деген түсінік бар. Сіз қалай ойлайсыз? 

– Толықтай келісемін.  

– Жекпе-жектерді көресіз бе? 

– Әрине. Әр айқасты жіті бақылап, жігіттерге жанкүйер боламын. Біздің команда әрқашан жүрегімде