«Жілік-жілік ет әкетіп барамыз». Айтжанов пен Қамшыбек Париж алтыны оңайға түспейтінін айтты

Редактор
22.07.2024, 13:51

Бас бапкер қазір қауіпті қарсыластардың қатары көбейгенін айтады

ҰОК

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы,  ұлттық құраманың бас бапкері  Мырзағали Айтжанов пен б​​​​​оксшы Қамшыбек Қоңқабаев «Таңшолпан» бағдарламасына сұхбат беріп, қарсыластары туралы айтып берді.

– Дайындық барысы қалай? Спортшыларымыздың бабы, денсаулығы дұрыс па?

Мырзағали Айтжанов: Иә, бұл ең ақырғы, арнайы дайындық. Қарсыластарға қарсы айла-тәсіл, шеберліктерін шыңдадық. 12 күндік оқу-жаттығу жиынында бүкіл ұлттық құрама спортшылары қатысып, оған облыстық құрама боксшылары көмектесті. Бұған дейін «Ақбұлақ» спорт базасында өте үлкен жұмыстар атқарылды. Бұл жерде де ауқымды жұмыс атқарылды десем болады. Арнайы қарсыластар үшін жігіттер тер төкті. Оңай болған жоқ. Неге десек, бұл – олимпиада. Олимпиадада кім еңбектенеді, кім шыдайды, кім төзімді, солар ғана жеңіске жетеді.

– Спортшылардың дайындығы көңіліңізден шығып жатыр ма?

Мырзағали Айтжанов: Әрине, бәрі қайда бара жатқанын біледі. Сол себептен барлығы тыңғылықты жұмыс атқарды. Рингте барын салады.

– Қамшыбек, бапкеріңіз осындай үміт артып жатыр. Өздеріңіз қалайсыздар, дайындық қалай?

Қамшыбек Қоңқабаев: Аллаға шүкір, барлығы жақсы. Дайындық ойдағыдай өтті десек болады.

– Жарыстың алдында бірнәрсе айту қиын соғатын шығар..

Қамшыбек Қоңқабаев:  Иә, әрине, бүкіл ел қарап отыр. Жауапкершілікті барлық команда сезінеді. Сондықтан, Алла қаласа, көк байрақты желбірету үшін әрбір боксшы шаршы алаңда аяғы талмай жұдырықтасатынына сенімдімін.

– Мырзағали аға, біздің елдің спортшыларының бұл сайыста басты қарсыласы кім деп ойлайсыз?

Мырзағали Айтжанов:  Қазіргі таңда өте көп. Бұрын ары кетсе 4-5 команда болса, бұл олимпиада да өте көп. Африка елдері, Азия елдері, Еуропа мен Америка құрлығы, одан қалса Австралия, Жаңа Зеландия секілді мұхиттың арғы жағындағы елдерде спорт дамыды. Одан бөлек Токиодан кейін өткен әлем чемпионатында әрбір спортшының өскенін және екі бірдей әлемдік іріктеу жарысында бокстың көтерілгені байқалды. Бразилия, Астралия секілді елдердің боксшылары өте шебер дайындалады. Қазір 3-4 емес, оншақты ел қарсылас болады.

– Төрткүл дүние көз тіккен олимпиада ғой. Сондықтан арнайы бекітілген, барлық тексерістен өткен төрешілер жұмыс істейді. Ал біздің елден, Қазақстан құрамасынан баратын төрешілер бар ма?

Мырзағали Айтжанов:  Бүкіләлемдік олимпиадаға іріктеуді Халықаралық олимпиада комитеті жүзеге асырады. Сол іріктеуден өтіп, біздің елден екі төреші қазылық жасайтын болды. Олардың бірі – Ермек Сүйеніш, Токиодан кейін, міне, екінші олимпиадасына бара жатыр. Ал Әлішер Алтаев та білікті маман, әлемде өзінің орны бар, ол бірінші олимпиадасына бара жатыр. Олимпиадада төрешілік ету – әрбір төрешінің арманы. Сол себептен бұл да біздің еліміздегі төрешілердің деңгейі мықты екенін білдіреді.

– Жанкүйер болатын қарапайым халық қой. Халық қарапайым дүниелерді білгісі келеді. Мысалы, біздің спортшыларымыз біздің тағамдарға үйреніп қалған, ал жарысқа шығар алдында күш-қуат керек. Сол жағынан қалай болар екен? Көрермендер осы сұрақты көп жолдайды. Спортшыларымыз Парижге барғанда қалай тамақтанады?

Мырзағали Айтжанов: Бұл менің бара жатқан бесінші олимпиадам. Әрбір олимпиадада тамақ жағынан ешқандай мәселе болмады. Олимпиадада бүкіл әлем асханасы болады, сол жерден тамақтанады. Азияның немесе Американың, Еуропаның, қай құрлықтың тамағын жегің келсе, сол болады. Ал бізге ең жақыны – ет. Сиырдың, қойдың, тауық, үйрек-қаздың етіне дейін болады. Ұлттық құрама үшін федерациямыз жігіттерге дайындаған қазы-қарта, жілік-жілік етімізді алып барамыз. Бұл бірінші олимпиада емес, біз өзіміз үшін ет алып жүреміз. Қазақтың жігіттері ет жемесе, тамақ жегендей болмайды. Сол себептен өзімізбен бірге құртымызды, қазы-қарта, жаямызды алып жүреміз.

– Қамшыбек, енді біз қазақпыз ғой, өзің жарыс алдында ұстанатын қандай да бір ырым-тыйымдарың бар ма?

Қамшыбек Қоңқабаев: Жаңа бапкерім айтып өткендей, қазы-қартамызды жеп шығамыз ғой. Одан бөлек қатты бір ұстанатын қағидам жоқ. Әрине, жекпе-жектің алдында мұсылман болған соң дұғамызды оқып, Аллаға сыйынып, тәуекел етіп шығамыз.

– Спортшылар үшін жарыстың алдында мына дүниені ішуге немесе жеуге болмайды деген шектеулер бар ма?

Қамшыбек Қоңқабаев: Ондай шектеулер бар. Спортшы формасына енген кезде иммунитеті әлсірейді. Өз-өзіңе қарап жүресің. Сол кездерде жаттығудан кейін мұздай су ішпей, салқындап қалмай, өз-өзімізді қадағалап жүреміз.

Басты қарсылас – барша қазақ елі білетін, өзімнің байырғы өзбек қарсыласым бар. Одан бөлек Америка, Еуропа құрлықтарының чемпиондары қауіпті қарсылас. Бұл енді олимпиада ойындары болғандықтан әрбір қарсылас – қауіпті. Бұл – ерекше жарыс. Әрбір спортшы барын салады. Мысалы, басқа турнирлерде олай емес. Осыған дейін бірнеше мәрте әлем чемпионаттарына қатыстық. Бірақ, Токио олимпиада ойындарында кейбір қарсыластырымды танымай қалдым. Сондықтан бұл жерде әрбір қарсылас маңызды. Әрқайсысына бапкерлермен ұрыс тактикасын құрып, жоспармен шығамыз.

Мырзағали Айтжанов: 25 шілде күні жеребе тарту рәсімі өтеді, содан кейін белгілі болады.

– Кімнен қауіптенесіз? Сондай спортшы бар ма?

Мырзағали Айтжанов: Қазақта «Шешінген судан тайынбас» деп айтады ғой. Ешкімнен қауіптенбейміз. Бірақ асықтың алшысынан түскені жақсы. Сол себепті тәуекел жасаймыз. «Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің. Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің» деген тамаша сөз бар. Қандай жеребе болса да, елді қуанту үшін күш саламыз. Тәуекел!

– Біздің спортшыларымыздың бабы мен бағы қатар келсін. Әрбір олимпиада ойындарында жаңа ережелер енгізіліп жатады, Париж олимпиадасында қандай өзгертулер болуы мүмкін?

Мырзағали Айтжанов: Негізі ереженің бәрі әрбір олимпиада сайын ауысып тұрады. Дәл осы олимпиаданың алдында ондай үлкен өзгеріс жоқ. Бәрі ойдағыдай болуы керек. Бүкіл Қазақстан халқы спортшыларға жанкүйер болсын. Ал біз өз тарапымыздан сенімді ақтап, көк туды желіберетіп, әнұранымызды шырқатайық.

Қамшыбек Қоңқабаев: Құрметті қазақстандықтар. Алла қаласа, Париж төр-  інде ел абыройын қорғайтын барша спортшыларға жанкүйер болыңыздар! Жеңіс үшін аянып қалмаймыз!