Хасанбой Дусматов Сәкен Бибосыновты жеңу үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге уәде берді

Редактор
23.07.2024, 01:50

Дусматов пен Бибосынов Олимпиадада 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан жеңіл салмақта әлем және Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматов Париж Олимпиадасына дайындығы жайында айтты. Olamsport.com сайтына сұхбат берген боксшы бүкіл қарсыласына тыңғылықты дайындалатынын мәлімдеген.

«Олимпиада – бүкіл әлемнің бізге қарайтын кезі. Біз де бұл жерге үлкен дайындықпен келдік. Өзбекстанның атын шығару үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз. Ал, басқа спортшыларға сәттілік тілеймін. Олимпиадаға қатысудың өзі оңай емес.

Біз тарих жасасақ па дейміз. Баходир екеуміздің Олимпиаданы екі реттен ұтып алатын мүмкіндік туып отыр. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды. Сондықтан, біз бәріне дайынбыз», - деді өзбек боксшысы.

Ол сондай-ақ, Сәкен Бибосынов туралы сұраққа да жауап берді.

«Біз онымен үш рет жұдырықтастық. Ол да Париж Олимпиадасына өте жақсы дайындықпен келді. Құдай бізді тағы рингте кездестірсе, қолымнан келгеннің бәрін істеймін», - деді Хасанбой Дусматов.

Айта кетейік, Париждегі жазғы Олимпиада ойындары 26 шілдеде алауын жағады. Дусматов пен Бибосынов 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.