Пыш-пыш әңгімеге Сәкен Бибосынов нүкте қойды – Айтжанов Спартакиаданың финалы жайлы

Редактор
28.11.2023, 15:28

Ұлттық құраманың бас бапкері көпшілікті қауесетке ермеуге шақырды

olympic.kz

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов 51 келіде Сәкен Бибосынов пен Санжар Тәшкенбай арасындағы жекпе-жекке пікір білдірді. «Егемен Қазақстанның» жазуынша, білікті маман өз шәкіртінің өнерін жоғары бағалаған.

«51 кг салмақта Сәкен Бибосынов пен Санжар Тәшкенбай арасындағы жекпе-жек көптің көңілінен шықты. Екі әлем чемпионының жұдырықтасуы өте керемет өтті. Үш раундта да Сәкен жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сәкеннің финалдағы кездесуі 2021 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында америкалық Роско Хиллмен өткен жекпе-жекке ұқсады. Ол бекерге Олимпиаданың қола жүлдегері болмағанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ендігі мақсат – Олимпиада лицензиясын иемденіп, Парижде топ жару», - деді М.Айтжанов.

Осылай деген бас бапкер салмақ дәрежелеріндегі бәсекеде ешкімді бөле жармайтынын атаған. Сондай-ақ, ол қаңқу сөздерне қатысты өз ойын айта кетті.

«Жалпы, біз ешкімді бөлмейміз, барлығына дұрыс қараймыз. Бірақ соңғы кезде «Азия ойындарына ананы апару керек еді, мынаны апару керек еді», деп өз пікірін айтатын «мамандар» көбейіп кетті ғой. Сол «пыш-пыш» әңгімеге Сәкен нүктесін қойды. Негізі бапкерлер ақымақ емес, кімге қай салмақ қолайлы екенін біледі. Сондықтан мән-жайды білмей бапкерлерге орынсыз сын айтудың қажеті жоқ. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді ата-бабамыз. Ең бастысы, бізге ауызбіршілік керек. Қолдау керек. Ниеттес, тілектес адамдар көп болса, сонда ғана үлкен белестерді бағындырамыз», - деді Мырзағали Құланұлы.

Бұдан бөлек, 80 келі салмақ дәрежесінде екі әлем чемпионымен қатар әлем біріншіліктерінің жүлдегері өнер көрсететінін ерекше атаған ол алда бәсекенің қыза түсетінін жеткізді.

«80 кг салмақта бірталай мықты боксшы жиналды. Аталған салмақта ширек финалдан бастап өте тартысты кездесулер өтті. 80 кг салмақтың жартылай финалында әлем чемпиондары Нұрбек Оралбай мен Бекзат Нұрдәулетов, әлем біріншілігінің қола жүлдегері, кәсіпқой бокста біраз жетістікке жеткен Тұрсынбай Құлахмет, 22 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері Ерасыл Жақпеков өнер көрсетті. Осыдан кейін-ақ бұл салмақта бәсекелестік өте жоғары болғанын аңғару қиын емес. Десе де, финалға шыққан әлем чемпиондары Нұрбек Оралбай мен Бекзат Нұрдәулетов бокс кешін қыздырды. Азғантай басымдықпен Нұрбек жеңіске жетті», - деді бас бапкер.