«Бекет Махмұтовтың кезінде мұндай болмаған»: боксшылардың сәтсіздігіне кім кінәлі?

03.08.2024, 02:42

Қазір Қазақстан бокс федерациясын Шахмұрат Мүтәліп деген азамат басқарады

коллаж: 1bol.kz

Париж Олимпиадасы Қазақстан бокс құрамасы үшін өте сәтсіз болды. Дәл осындай пікірді ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов айтып отыр.

Айта кетейік, Франция астанасына Қазақстанның ерлер құрамасы толық құрамда – жеті боксшымен барған болатын. Алайда, олардың тек біреуі ғана жартылай финалға өте алды. Ал, қыздар құрамасында барған үш боксшының екеуі жеңілді, тек Назым Қызайбай ғана ширек финалға жолдама алды.

«Бірінші бол» YouTube-каналының кезекті шығарылымы Париж Олимпиадасындағы боксшыларымызға арналған болатын. Эфир қонағы болған белгілі спорт журналисі Шалқар Естен сәтсіздіктерге тек боксшылар ғана кінәлі емес дегенді айтты. Оның пікірінше, қазақстандық спорт шенеуніктерінің беделіне де көп мәселе байланысты.

«Марқұм Бекет Махмұтов ағамыз Бокс федерациясын басқарған кезде қазақ боксшылары Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетті. Мәселен, Сиднейде Бекзат Саттарханов пен Түркиялық Рамазан Поляни жұдырықтасар алдында Түркия тарапы бір чемодан ақша алып келіп, жекпе-жектегі жеңісті сатып алмақ болған дейді. Бірақ, Бекет Махмутов принципке барып, сатып жібермеген, Нәтижесінде Бекзат медаль жеңіп алды», - дейді ол.

Айта кетейік, Бекет Махмұтов Қазақстан бокс федерациясын 1998-2007 жылдар аралығында басқарды. Оның уақытында Қазақстан құрамасы екі Олимпиадаға қатысып, үш алтын медаль жеңіп алды.