Боксшы Дулат Бекбауов Олимпиадаға қатысу үшін салмақ ауыстыратынын мәлімдеді

Редактор
29.11.2023, 11:09

Ол Серік Теміржановқа қарсылас болады

IBA

Мамыр айында Ташкентте бокстан аяқталған әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған тараздық Дулат Бекбауов жаңа салмаққа ауысуды жоспарлап. Ол Олимпиадаға қатысуды көздеп отыр.

Таяуда ғана Астанада өткен ел спартакиадасында топ жарған былғары қолғап шебері 67 келі салмақта өнер көрсеткен еді. Ол әлем біріншілігі мен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған.

Дулат енді төменгі салмаққа ауысып, 63,5 келіде Олимпиадада атой салуды көздеп отыр.

«Олимпиадалық салмаққа ауысу туралы шешім қабылдадым. Бұл ретте 71 келіге көтерілмейтінім анық. Мен салмақ қуып, 63,5 келіге түсуді көздеймін. Бұл салмақта бізде лицензия жоқ. Сол үшін жаңа маусымнан бастап салмақ қууды қолға аламын. Салмақ қуу айтарлықтай қиын болады деп ойламаймын», - деді Бекбауов.

63,5 келіде енді әлем чемпионатының екі күміс жүлдегері өзара бәсекені қыздыра түсуі мүмкін. Бұл салмаққа 57 келіде әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов ауысқан болатын. Ол жуырда елордада аяқталған спартакиаданың финалына шығып, күміс жүлдені місе тұтқан еді. Ендігі жерде бұл салмаққа Дулат Бекбауов қосылса, жанкүйерлер үшін нағыз қызық басталғалы тұр. Ал бапкерлер құрамы олардың арасынан лицензиялық турнирге кімдерді апаратынын әзірге болжау қиын.

Материалда: