Ол АҚШ-та алғаш рет жекпе-жек өткізгелі отыр
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов (13-0, 11 КО) ұзақ үзілістен кейін АҚШ-та өзінің кезекті жекпе-жегін өткізетін болды деп хабарлады 360 Promotions промоутерлік компаниясы.
Жекпе-жек 31 тамызда Hollywood Fight Nights кеші аясында өтеді. Қазақ боксшысының қарсыласы – америкалық Антонио Тодд (17-10, 9 КО).
«Садриддин Ахмедовты қарсы алыңыздар, Қазақстаннан. Ол өзінің АҚШ-тағы дебюттік жекпе-жегін 31 тамызда UFC Fight Pass-да өткізеді. Әуесқой бокста 200-ден астам жеңісі бар Ахмедов Антонио Тоддпен жұдырықтасады», - делінген дереккөз таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, Садриддин Ахмедов соңғы рет рингке 2022 жылдың желтоқсан айында шыққан. Алматыда өткен бокс кешінде жерлесіміз оңтүстікафрикалық Нкулулеко Мхлонгоны (23-12-1, 18 КО) нокаутпен жеңген болатын.