Мейірім соңғы рет 2023 жылдың қарашасында жекпе-жек өткізген
Кәсіпқой бокстан орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 КО) WBC чемпиондық белбеуінің иегері доминикалық Карлос Адамеспен (23-1, 18 КО) жұдырықтасуы тиіс деп есептейді америкалық журналист Джек Маккаеферри. Мұндай пікірін ол Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында айтқан.
Қазіргі таңда WBC рейтингін британдық Хамза Шираз бастап тұр. Ал, Мейірім – екінші.
«Маған WBC-нің ұстанымы түсініксіз. Нұрсұлтанов ұйым міндеттеген жекпе-жекті өткізіп, жеңіп шықты. Жекпе-жек конвенция аясында өтті. Ендеше ол неге рейтингте әлі екінші тұр? Ақылға салсақ, ол әлем чемпионының келесі қарсыласы болуы керек.
Әлімханұлы денсаулығына байланысты тағы жарты жыл рингке шықпайды. Эрисланди Лара туралы мүлдем хабар жоқ. Демек, WBC чемпионы белбеуін міндетті қарсыласпен жұдырықтасып қорғайды. Ал, оған міндетті қарсылас Мейірім Нұрсұлтанов болуы тиіс», - деді Маккаферри.
Мейірімнің рингке шықпағанына біршама уақыт болды. Соңғы рет ол өткен жылдың қарашасында Чили боксшысы Хулио Аламоспен жекпе-жек өткізіп, төрешілер шешімімен жеңіске жетті.
Айта кету керек, Жәнібек Әлімханұлы бұған дейін Карлос Адаместі бірнеше рет жекпе-жекпе жекке шақырған болатын. Алайда, тараптар ақыры ортақ келісімге келе алмады.