Дычко мен Жалолов кәсіпқой рингте кездесуі мүмкін бе?

Редактор
21.08.2024, 16:26

Бұған дейін әуесқой бокста екеуі төрт рет кездесіп, бәрінде қазақстандық боксшы жеңіске жеткен

The Heavyweight Factory©

Кәсіпқой бокста аса ауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық Иван Дычко (13-0, 12 КО) мен өзбек Баходир Жалоловтың (14-0, 14 КО)арасында жақын болашақта жекпе-жек өтуі мүмкін. Бұл туралы америкалық спорт журналисі Джек Маккаферри Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Айта кетейік, Дычко 22 тамызда мансабындағы 14-ші жекпе-жегін өткізеді. Плант-Ситиде (АҚШ) өтетін бокс кешінде отандасымыз америкалық боксшы Крейг Льюиспен (15-7-1, 8 КО) жұдырықтасады. 

Ал, Баходир Жалолов жуырда ғана Олимпиада ойындарына қатысып, жеңімпаз атанған болатын.

«Егер екеуі рингте кездессе расымен де өте қызықты айқас болады. Дычко жылдан астам уақыт рингке шықпаған. Жалолов та әуесқойда біраз уақытын өткізіп алды. Сондықтан, екеуінің арасында жекпе-жек өтуі әбден ықтимал», - дейді маман.

Айта кету керек, Дычко мен Жалолов әуесқой бокста төрт рет кездесіп, төртеуінде де қазақстандық боксшы жеңіске жеткен. Енді ол осы басымдығын кәсіпқой рингте көрсете алуы екіталай дейді Маккаферри.

«Қазақстандық боксшының өсу қарқыны баяу. Жалолов оны рейтингте озып кеткен және Олимпиадада біз оның барлық қырынан да мықты екенін көрдік. Менің ойымша, чемпиондық белбеуге өзбек боксшысы бірінші жетеді. Бірақ, оған дейін екеуі рингте жолығады дегенге көбірек сенем», - деді Маккаферри.