«Қолдарын бір-екі сілтеумен шектелді»: Сәрсекбаев боксшылардың Париждегі өнерін сынады

Редактор
23.08.2024, 17:22

Ол қазақ боксшыларының әлеуеті төмен болғанын айтады

egemen.kz

Бокстан Бейжің олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Париж олимпиадасындағы отандық былғары қолғап шеберлерінің басты қателіктерін атады.

Сәрсекбаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында жігіттер Олимпиадаға дайындықсыз барғандай көрінді дегенді алға тартады. Ол финалда өнер көрсеткен Нұрбек Оралбайдың да, жұрт мақтаған Мұхамедсабыр Базарбайұлының да әлеуеті төмен болғанын айтады. 

«Еліміздің боксшылары төртжылдықтың басты додасына еш даярлықсыз барғандай әсер қалдырды. Жігіттердің физикасы нашар, техникалары әлсіз. Әр боксшының сойып түсіретіндей өзіне тән сойқан соққысы болуы тиіс. Мен оны байқамадым. Соққылар комбинациясын мүлдем көрмедім. Бәсеке барысында жерлестеріміз қолдарын бір-екі рет сілтеумен ғана шектеледі. Одан әріге бармайды. Қарымта шабуыл дұрыс ұйымдастырылмайды. Тұтқиылдан соққы жасау деген мүлдем жоқ. Әр эпизодта қандастарымыздың қандай әрекетке баратынын қарсыластары алдын ала біліп отырғандай. Жақын қашықтықта жұмыс істей алмайды», - дейді олимпиада чемпионы.

Ол боксшылардың функционалдық дайындықтары нашар, көбі бірінші раундтан кейін-ақ болдырып қалады деп отыр. 

«Александр Хижнякқа қарсы кездесуде Нұрбек Оралбай сондай қателікке ұрынды. Шыны керек, 80 кг салмақтың финалы өте шиеленісті өтетін шығар деп ойладық. Ол үміт ақталмады. Мұхамедсабыр Базарбайұлының жеңіске деген талпынысы ұнады. Бірақ оның да мүмкіндігі шектеулі. Одан да жақсы нәтиже көрсетуге жас жігіттің шама-шарқы жетпеді. Басқа боксшылар да жігер көрсетпеді. Соның барлығы да оқу-жаттығу жиындарының дұрыс өткізілмегендігінің салдары», - деді Сәрсекбаев.