Ол жұдырықтасқан 14 боксшы да деңгейі өте төмен, тіпті ортаңқол боксшылар емес дейді маман
Бокстан аса ауыр салмақта Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы болған өзбек Баходир Жалолов Париждегі жеңісінен кейін кәсіпқой боксқа біржола кететінін айтқан болатын. Ресейлік спорт журналисі, «Матч ТВ» тілшісі кіші Василий Конов Sports.kz сайтына берген сұхбатында Жалоловтың болашағына қатысты болжамын айтты.
Айта кету керек, Баходир Жалолов кәсіпқой бокста 14 жекпе-жек өткізіп үлгерген және бәрінде нокаутпен жеңіске жеткен.
«Мен үшін Баходир Жалолов – нағыз мега-жұлдыз, бірақ әуесқой бокста. Мен оның жекпе-жектерін 2019 жылғы әлем чемпионатынан бері қарап келемін. Ол рингке шыққанда қарсыласында еш мүмкіндік жоқ екені анық байқалып тұрады. Ол – олимпиадалық бокста өте мықты боксшы. Мойындау керек, әуесқой бокста соңғы уақытта оған қарсылық таныта алатын боксшы болған жоқ.
Ал, кәсіпқой бокста бәрі басқаша. Иә, ол 14 жекпе-жек өткізіп, бәрін нокаутпен жеңген. Бірақ, Баходир кіммен жұдырықтасқанын білеміз, арасында ТОП-боксшы түгілі ортаңқол боксшы да жоқ. Бірақ, оның Top Rank-пен келісімшарты бар. Аталған промоутерлік компания чемпиондық жекпе-жектер ұйымдастыра алады. Демек, алдағы 3-4 жылда өзбек боксшысы өзінің алғашқы чемпиондық белбеуін алатын шығар деп ойлаймын.
Қазір Баходир Жалолов Өзбекстанда өте танымал тұлға. Бірақ, әлемдік бокста емес, ол жақта бәрі басқаша», - деді Конов.
Айта кетейік, бұған дейін спорт сарапшылары Баходир Жалолов пен қазақстандық Иван Дычко арасында жекпе-жек өткізу мәселесін көтерген болатын.