Өзбекстандағы қазақ боксшысы Кубада әйгілі Ла Круздан жеңіліп қалды

Редактор
28.08.2024, 16:45

Қандасымыз Париж Олимпиадасына қатыса алған жоқ

Olamsport

Өзбекстан атынан өнер көрсететін этникалық қазақ боксшысы Мадияр Саидрахимов IBA чемпиондар түнінде өткен жекпе-жекте кубалық екі дүркін Олимпиада чемпионы Хулио Сесар ла Крузға есе жіберді.

Бірінші ауыр салмақта сынға түскен қандасымыз Кубада өткен айқаста танымал қарсыласымен сынға түскен еді. Алайда, Ла Крузбен кездесу Саидрахимов оңайға соққан жоқ. 10 раундқа жоспарланған айқаста Мадияр төрешілер шешімі бойынша ұтылды.

Куба астанасы Гаванадағы «Чемпиондар түні» бокс кешін ІВА өзінің құрылғанына 50 жыл толуына орай ұйымдастырған болатын. Ла Круздан 8 жас кіші Мадияр Саидрахимов барын салғанымен, шешуші сәтте жеңісті уысынан шығарып алды.

Қандасымыз 2021 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында 92 келіде қола жүлдеге ие болған. Сондай-ақ, Азия біріншілігінің финалисі. Бұдан бөлек, ол 2019 жылы бүкіләлемдік әскери арасында өткен ойындарда топ жарды.

Ал, Париж Олимпиадасында қандасымыз Өзбекстан құрамасының сапына енбей қалды. Оның орнына барған өзбек боксшысы финалға дейін жетіп, Франция астанасындағы ойындарда чемпион атанды.