Әуесқой боксқа қайта оралған Абылайхан Жүсіпов халықаралық турнирде жеңімпаз атанды

Редактор
08.09.2024, 21:39

Ол соңғы рет 2021 жылғы әлем чемпионатына қатысқан болатын

Instagram әлеуметтік желісінен

Жақында ғана кәсіпқойдан әуесқой боксқа қайта келіп, ұлттық құрамаға қосылған Абылайхан Жүсіпов Грузияда өткен халықаралық турнирде топ жарды.

Гори қаласында әлем және Еуропа чемпионы Георгий Канделакидің жүлдесіне арналған турнирде Абылайхан Жүсіпов 75 келіде сынға түсіп, жарыстың үздік боксшысы атанды. Сондай-ақ, 86 келіде Дәулет Төлемісов, 92 келіде Нурмагамед Юсупов үздік атанды. Олардан бөлек тағы үш боксшы қола жүлдеге ие болды.

Айта кететін жайт, Абылайхан Жүсіпов Токио Олимпиадасынан кейін кәсіпқой боксқа бет бұрған-тын. Бүгінге дейін төрт жекпе-жек өткізіп, оның бәрінде жеңіске жетті және үшеуін нокаутпен аяқтаған.

Қарағандылық боксшы Париж Олимпиадасынан бұрын мәлімдеме жасап, ұлттық құрамаға қайта оралатынын мәлімдеді. Соңғы рет Жүсіпов 67 келіде 2021 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған еді.