Өзбекстанның 5 боксшысы Париж Олимпиадасында топ жарды
Бокстан Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы өзбекстандық Баходир Жалолов журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында Парижден кейінгі сый-сыяпаты туралы айтқан.
Даңқты боксшы мемлекеттің бергенін қанағат тұтатынын жеткізген. Ал, халық пен кәсіпкерлерден сый-сыяпат алуды жөн көрмейді екен. Бұл туралы Жылқышыбай өзінің Instagram-парақшасында айтты.
«Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Баходир Жалоловтан сұхбат алу бұйырды. Сұхбат кезінде мен одан кәсіпкерлер мен халық қандай сыйлық бергенін сұрадым. Ол «мемлекеттен алғаным жетеді, қарапайым халықтан, кәсіпкерлерден алып байып кетпеймін, ол сыйлықты о дүниеге алып кетпеймін, Олимпиаданы екі рет жеңсем елімнің абыройы үшін жеңдім» деп жауап берді. Ал, біздегі жағдай ше? Анау пәтер берді, мынау көлік берді, ат мінгізді деп жазып жатыр. Айналайын алтындарым, сіздер ел намысын қорғауға бардыңыздар ма, әлде дүние жинауға бардыңыздар ма?» - деп сұрақ қойды журналист қазақстандық спортшыларға.
Жылқышыбайдың Жалоловпен сұхбаты интернетке әлі шыққан жоқ.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасынан кейін жүлде алған Қазақстан спортшылары кәсіпкерлер тарапынан бағалы сыйлықтарға ие болып жатыр. Чемпион болған Елдос Сметовке бірнеше қаладан пәтер мен автокөліктер берілсе, ағайынды Оралбайлар мен Назым Қызайбай және дзюдошы Абиба Әбужақынова да қымбат автокөліктердің кілтін алып үлгерді.