Василий Жиров Балқашқа оралды

Редактор
16.09.2024, 10:05

Кәсіпқой бокста ол WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы

instagram.com/sapar.sataev/

Бокстан Атланта Олимпиадасының чемпионы Василий Жиров туған жерң Балқаш қаласына ат басын бұрды. Бүгінде АҚШ азаматтығын алып, Америкада тұрып жатқан даңқты спортшы соңғы жылы Қазақстанға бірнеше рет келіп кеткен болатын.

«Балқаш жолбарысының» туған жерге келуін қала әкімі Сапар Сатаев мәлімдеді. Ол боксшыны күтіп алып, ерекше құрмет көрсеткен. Мұнысын Instagram-парақшасында жазды.

«Василий – біздің халқымыздың мақтанышы, өзінің еңбегімен және табандылығымен әлемдік спорт аренасында қазақстандық туды көтерген адам. Мен чемпионға спорттың дамуына қосқан баға жетпес үлесі үшін және еліміздің жас спортшыларына берген шабыты үшін шын жүректен алғыс айттым», - деп жазды Сатаев әлеуметтік желіде.

Айта кетейік, Жиров Вел Баркер кубогін жеңіп алған алғашқы қазақстандық боксшы. Ол Олимпиада ойындарынан кейін АҚШ-қа қоныс аударып, кәсіпқой бокста да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды.