Александр Усикті поляк полициясы ұстап, қолына кісен салды

Редактор
18.09.2024, 09:30

Іске Украина президенті Владимир Зеленский араласқан

Getty Images

Кәсіпқой бокстан аса ауыр салмақта әлемнің абсолютті чемпионы Александр Усик Польшада ұсталды. Жергілікті полиция оны көлік жылдамдығын шамадан тыс арттырғаны үшін ұстап, қолына кісен салған. Бұл сәттің видеосы әлеуметтік желіде де тарап кетті.

Оқиға Польшаның Краков қаласында болған. Әуежайға асыққан боксшы көліктің жылдамдығын шамадан тыс асырып, полицияның ырқына көнбеген екен. Әуежайға жеткен кезде оны арнайы жасақ өкілдері ұстап, қолына кісен салды да, алып кетті.

Ең бірінші болып бұл жайтты Украинаның депутаты Жан Беленюк хабарлады. Артынша іске президент Владимир Зеленский араласып, даңқты чемпионды босатуды талап еткен. Көп ұзамай оның талабы орындалды. Ал, босап шыққан Усик халық пен билігіне алғысын айтты.

«Мен үшін алаңдаған халқыма және көмек көрсеткен дипломаттарға мың алғыс. Ал, Польшаның құқық қорғаушыларына респект, олар бойыма, салмағыма және қолымның ұзындығына қарамастан өз қызметін керемет орындайды», - деп жазды боксшы өзінің Instagram-парақшасында.