Жаңа қауымдастыққа 44 ұлттық федерация мүше болып отыр
World Boxing ұйымы әуесқой бокстан әлем чемпионатының қашан өтетінін мәлімдеді. Аталған әлем біріншілігі келесі жылдың 4-14 қыркүйек күндері аралығында Ливерпульдің M&S Bank аренасында өтпек.
Бұл World Boxing қауымдастығы IBA-ға балама бәсекелекес ұйым болып құрылған еді. Бүгінде жаңа қауымдастыққа 44 ұлттық федерация мүше болып отыр. Алдағы уақытта оның қатары тағы да көбейе түспек.
Айта кететін жайт, World Boxing ұйымы ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионатын бірге өткізеді. Ал спортшылар биыл бекітілетін он салмақ бойынша сынға түседі.
Бұған дейін ресейліктер басқаратын ІВА 2025 жылғы әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу туралы мәлімет жариялады. Алайда ресми хабарлама сайтқа шыққаннан кейін артынша өшірілді. Кейін аталған әлем чемпионаты әзірге қайда өтетіні айтылмады.
Париж Олимпиадасынан бірер апта бұрын ҰОК Президенті Геннадий Головкин шетелдік БАҚ-қа берген сұхбатында ҚР бокс федерациясы ІВА құрамынан шығып, World Boxing ұйымына енуі тиіс деп айтқан болатын. Алайда кейін еліміздің бокс федерациясы ІВА құрамында қала беретіні белгілі болды.