«Күлкімді келтірмеңдер». Әлімханұлының миллиондаған долларға бокстасудан бас тартқаны рас па?

Редактор
20.09.2024, 14:13

Ол британдық Хамза Ширазға қарсы жұдырықтасудан бас тартпаймын деп отыр

twitter.com/qazaqstyle

WBO/IBF тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы БАҚ бетінде өзіне қатысты таралған ақпараттың анық-қанығын түсіндірді.

Бүгін америкалық журналистер Джейк Донован мен Кевин Иол Әлімханұлының британдық Хамза Ширазға қарсы миллион долларға жекпе-жекке шығудан бас тартқанын, кейін 1,5 миллион долларға төбелесуге келіспегенін жазған еді.

«Адамдар осындай ақпаратты қайдан алатынын түсінбеймін. Маған ешкім ештеңе ұсынған жоқ. Күлкімді келтірмеңдер, жігіттер. Мен ешкіммен күресуден ешқашан бас тартпаймын. Мұны бәрі біледі. Олай болса, осылай айтып жүргендер маған келісім-шартты жіберсін, мен бірден қол қоямын», - деп жазды Жәнібек Әлімханұлы.

Айта кетейік, кәсіпқой бокстан орта салмақтағы WBO/IBF бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 КО) мен жаңазеландиялық Андрей Михайлович (21-0, 13 KO) арасындағы жекпе-жек 4 қазанда Аустралияның Сидней қаласында өтетін болды.