Қазақ боксшылары үйден шықпайды – Хасанбой Дусматов

Редактор
20.09.2024, 16:41

Дусматов Париж Олимпиадасындағы Қазақстан боксшыларының сәтсіздігінің себебін айтты

Өзбекстан ҰОК

Бокстан екі дүркін Олимпиада чемпионы, өзбекстандық Хасанбой Дусматов Париж Олимпиадасындағы Қазақстан боксшыларының сәтсіздігінің себебін айтты.

Ол Нұрсейіт Жылқышыбай жүргізетін «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында нақты қорытынды шығара алмайтынын, бірақ бір себебін білетінін айтты.

«Мен бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Қазақ боксшыларының жаттығу немесе дайындық процесін көрген жоқпын. Сондықтан баға беру қиын. Бір білетінім, қазақ боксшылары тек үйлерінде дайындалады. Біз мысалы, турнир таңдамаймыз. Барлығына қатыса береміз. Оның ішінде жақсысы да, нашары да бар. Қайда шақырады сонда барамыз. Мұның бәрі тәжірибе жинақтау үшін қажет. Болгариядағы жарысқа Қазақстан екінші нөмірлі боксшыларын жібергенін білемін», - дейді Хасанбой Дусматов.

Бұған дейін Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев та осыған ұқсас әңгіме айтқан. Ол Олимпиадаға дейін 22 жекпе-жек өткізгенін, ал қазіргі боксшыларда ондай болмағанына қынжылыс білдірген.