«Қазақстанды емес, Ресейді таңдадым»: Дмитрий Бивол әуесқой бокстағы жылдарын еске алды

Редактор
07.12.2023, 14:10
DAZN

Кәсіпқой бокстан жартылай ауыр салмақта WBA чемпиондық титулының иесі ресейлік Дмитрий Бивол «Чемпионат» сайтына берген сұхбатында әуесқой бокстағы қиындықтары мен жалақысы туралы айтты.

Қырғызстанның тумасы сол елде бокс залына барған, алғашқы жетістіктеріне де сонда жеткен. Кейін жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ата-анасы Ресейге көшіпті.

«Менің Қырғызстандағы бапкерім менің бойымнан талант көргеннен кейін ата-анама Қазақстанға немесе Ресейге көшуге кеңес берген. Өйткені бұл елдерде спортты мемлекет деңгейінде қолдайды. Бұл расымен де солай, Ресейге келгеннен кейін біз қай жарысқа қалай барамыз деген сұрақтарға мүлдем бас қатырған жоқпыз», - деді Бивол.

Ол әуесқой бокста да кәсіпқойдағы сияқты ақша табуға болатынын айтты, бірақ қазіргі жағдайымен салыстыратындай деңгейде емес.

«Мен 15 жасымда жасөспірімдер арасында әлем чемпионатын және Еуропа біріншілігін жеңгеннен кейін ересектер секілді жалақы ала бастадым. Айлығымның көлемі сол кезде Санкт-Петербургтегі орташа жалақыдан сәл жоғары болды. Шағымданатындай жағдайда емес едім: мемлекет ақша берді, одан бөлек демеушілер жиі қолдайтын. Бірақ, егер нәтиже көрсетпесең сен ешкім болмай қаласың, қаржыландыру сап тоқтайды», - дейді Дмитрий Бивол.