Айбек ауырса, артынша мен де ауыратынмын – Нұрбек Оралбай

Редактор
24.09.2024, 22:37

Екеуі бір-бірінің дауысын алыстан таниды

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Париж олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай «Түнгі студия» бағдарламасында қонақта болып, сыңары Айбекпен ерекше байланыс жайлы айтып берді.

Нұрбектің сөзінше, кішкентай кезінде егіздің біреуі ауырып қалса, арада бірнеше күн өткен соң міндетті түрде екіншісі де сырқаттанады екен.

«Бала кезімізде Айбек ауырып қалса, келесі кезек менікі екенін біліп, іштей дайындалып жүретінмін. Себебі Айбек ауырған соң 2-3 күннен соң міндетті түрде мен ауыратынмын. Өсе келе ол қалды», - деді боксшы.

Былғары қолғап шеберінің айтуынша, қазір ол жарыс кезінде өзінен гөрі Айбекті көбірек уайымдайды екен. 

«Үнемі бір-бірімізді қолдап отырамыз. Негізі жан-жақтан қиқулаған жанкүйерлер арасынан Айбектің дауысын бәрібір танып тұрамын. Шаршы алаңның ішінен гөрі сыртынан жақсы көрінеді ғой. Сондықтан бір-бірімізге қалай соққы жасап, қалай қорғану керектігін айқайлап айтамыз. Шыны керек, мен жарысқа шыққанда өзімді емес, Айбекті көбірек уайымдаймын», - деді Нұрбек Оралбай.

Еске салайық, Париж Олимпиадасында Нұрбек финалға дейін жетіп сүрінсе, Айбек ширек финалда әзірбайжандық боксшыға есе жіберді.