«Барлығын бас бапкер шешеді». Сәкен Бибосынов салмағын ауыстырғаннан кейінгі әсерін бөлісті

Редактор
30.09.2024, 16:30

Боксшы Азия чемпионатында ел намысын қорғауға ниетті

instagram.com/boxingkazakhstan

Шымкентте бокстан Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған халықаралық турнир өтіп жатыр. Ұлттық құрама мүшесі Сәкен Бибосынов алғаш рет 54 келі салмақта бақ сынап, алғашқы қарсыласын жеңді.

 «Өзімнің салмағым емес, 1 кг жоғары 54 кг салмақта бақ сынап жатырмын. Бірінші кездесу ойдағыдай болды. Бапкерлерімнің айтқанын орындап, ақылымен бокс көрсетіп, қиындықсыз жеңіске жеттім. Жас боксшымен жұдырықтастым, оған тәжірибе болды деп ойлаймын. Ол бауырыма келесі жарыстарына тек сәттілік тілеймін», - деді Сәкен Бибосынов.

Боксшы Азия чемпионатында ел намысын қорғауға ниетті.

«Қазіргі таңда ұлттық құраманың бапкері ауысты. Барлық нәрсе сол кісілердің жоспарларымен болады. Спарринг болып жатса, өнерімді көрсетіп, жолдама алып жатсам, Азия біріншілігінде ел намысын қорғағым келеді», - деді Сәкен Бибосынов.

Айта кетейік, Бибосынов Ерасыл Дәулетбайды 5:0 есебімен жеңіп, келесі айналымға жолдама алды.