«Өзі хабарласты». «Канело» қазақстандық боксшыны АҚШ-қа шақырды

Редактор
30.09.2024, 22:02

Боксшы «Канелоның» адамгершілігі мол жігіт екенін атап өтті

Әлеуметтік желі

Қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбет (12-0, 10 КО) Sport Plus-ке берген сұхбатында мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен (62-2-2, 39 КО) қалай танысқанын айтып берді.

- Былтыр сіз «Канелоның» залында жаттығу жасадыңыз. Оның өзгелерден басты айырмашылығы неде?

- Мен «Канеломен» үш жылдан бері жаттығу жасап келемін. Оның басты айырмашылығы – тәжірибесінде. Тіпті құпиясы болса да, оны біреуге айта қояды деп ойламаймын. Барлық боксшы бірдей дайындалады,  тек стильде айырмашылық бар. Меніңше, ол бүгінгі жетістігіне тынымсыз еңбегі, Құдай берген талантының арқасында жетіп отыр. Ол осының бәрін өзара үйлестіре білетін адам.

- «Канело» сізді қалай қабылдады? Өмірде қандай адам? 

- Бір жыл бұрын Альварестің кардында өнер көрсетіп, сонан соң елге оралғанда, Suleimen Promotion жабылып қалды. Осыдан соң боксты тастаймын деген ой келді, өзіме демалыс жарияладым. Араға 2-3 ай салып «Канелоның» өзі хабарласты. Біздің компанияның жабылғанын әлеуметтік желіден оқыған болса керек. Сонан соң ол менің алдағы жоспарларым туралы сұрады. Шыны керек, менде ешқандай жоспар жоқ еді. Маған өздері хабарласып, шақырады деп ойлаған емеспін. Олар АҚШ-қа келсем, маған көмектесуге дайын екендігін айтты. Олардың мақсатын сұрадым. Олар жоспарларын жеткізіп, тұрғын үймен толық қамтамасыз ететінін алға тартты. АҚШ-қа билет алып берді. Әлемдік рейтингтегі боксшыларға қарағандай қарайды. «Канело» адамгершілігі мол жігіт деп сеніммен айта аламын. Оның өзгелерден артықшылығы, ол барлық адамға құрметпен қарайды. Сөйлесіп отырып оның әлемдік жұлдыз екенін ұмытып кетесің.