Жәнібек Әлімханұлы үлкен қиындыққа тап болады – жаңазеландиялық промоутер

Редактор
01.10.2024, 10:02

Оны ұзақ жол мен қолайсыз ауа райы күтіп тұр

Instagram/janibek_alimkhanuly

Жаңазеландиялық кәсіпқой боксшы Андрей Михайловичтің (21-0, 13 КО) промоутері Джордж Роуз Аустралияда Жәнібек Әлімханұлын (15-0, 10 КО) үлкен қиындықтар күтіп тұрғанын мәлімдеді. Қос боксшы 4 қазанда Сидней қаласында жұдырықтасады.

Маманның айтуынша, ұзақ жол мен қолайсыз ауа райы және салмақ қуу процесі қазақ боксшысын қолайсыз жағдайда қалдыратыны сөзсіз.

«Әлімханұлының командасы алдын ала не сұратқанын білмеймін. Бірақ, бір білерім, олар ұшақтан түскен кезде бірден қиындыққа тап болады. Боксшылар ұзақ жолдан кейін үнемі шағым айтатынын білесіздер, жол шаршатып тастайды. Жәнібек сағат белдеулерін ауыстырады, бұл оңай емес. Оның үстіне, салмағын тағы қууы керек. Мұндай жағдайда мен өзімнің ешбір боксшыма рингке шығуға кеңес бермес едім», - деді Роуз.

Еске салайық, Әлімханұлы мен Михайлович арасындағы жекпе-жек биыл шілдеде АҚШ-та өтуі керек еді. Алайда, қазақ боксшысы салмағын қуу кезде ағзасы құрғап кетіп, ауруханадан бір-ақ шықты. Ұйымдастырушылар мен промоутерін шығынға батырғандықтан жекпе-жекті қайта өткізу құқығына жаңазеландиялық боксшының менеджерлері ие болды.

Аталған кездесуде бәске Жәнібектің чемпиондық қос белбеуі IBF пен WBO титулдары тігіледі.