Жәнібек Әлімханұлы енді 41 жастағы ардагер кубалық боксшымен кездесуі мүмкін

Редактор
05.10.2024, 10:13

Күні кеше ол мансабындағы 16-шы жекпе-жегінде жеңіске жетті

instagram.com/nolimit_aus

Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 10 КО) алдағы жекпе-жегін кіммен өткізуі мүмкін? Бұл сұраққа «Лаборатория бокса» Youtube каналы жауап іздеп көрді.

«Жәнібек Әлімханұлын кім күтіп тұр? Оның салмағында Карлос Адамес бар. Ол өте қауіпті. Сосын Эрисланди Лара қалып тұр. Енді сұрақ: Жәнібек қайсысымен жолығады. Меніңше, Боб Арум оған кубалықпен жекпе-жек ұйымдастырып беруге тырысады. Кубалық Эрисланди Лара – өте жақсы боксшысы. Жетістіктері көп. Бірақ жасы шау тартып қалды», - дейді канал авторы.

Бұған дейін Жәнібектің өзі де Лараны бірнеше рет жекпе-жекке шақырған болатын. Алайда, қазақ боксшысының әлеуметтік желіге жазған жазбасына кубалық жауап жазған жоқ.

Айта кетейік, 4 қазанда Жәнібек Әлімханұлы Аустралияның Сидней қаласында өткен жекпе-жекте Андрей Михайловичті әр раунд сайын ауыр соққыларын дарытып, ақыры 9-раундта сұлатып салды. 

Осылайша, Жәнібек Әлімханұлы кәсіби мансабындағы он алтыншы жекпе-жегін жеңіспен аяқтап, IBF және WBO титулдарын сәтті қорғады, ал Андрей Михайлович өз мансабында алғашқы жеңілісіне ұшырады.