Артур Бетербиев Дмитрий Биволды жеңіп, әлемнің абсолютті чемпионы атанды

Редактор
Бүгін, 04:06

Жартылай орта салмақта соңғы 2003 жылы Рой Джонс абсолютті чемпион атанған

DAZN

Кәсіпқой бокстан жартылай орта салмақта өнер көрсететін канадалық Артур Бетербиев (20-0) әлемнің абсолютті чемпионы атағы үшін ресейлік Дмитрий Биволмен (23-0) жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

Айта кету керек, осы жекпе-жекке дейін Бивол WBA Super және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы болған. Ал, Бетербиев WBC, IBF және WBO чемпиондық титулдарының иесі еді.

Алғашқы раундтарда боксшылар барлау жұмысымен айналысса да, Дмитрий Биволдың ауыр соққылары қарсыласына дөп тиіп жатты. Алайда, алтыншы раундтан кейін ол шаршаңқырап, басымдықты Бетербиевке беріп қойды. 

Шешуші 10, 11 және 12-раундтарда да канадалық боксшы тың көрініп, қарсыласының қарымта шабуыл жасауына мүмкіндік берген жоқ. Тиісінше, төрешілер де жеңісті 114:114, 115:113, 116:112 есебімен Артурға берді.

Айта кету керек, Артур Бетербиев Шешенстан тумасы, әуесқой бокста Ресей атынан өнер көрсеткен. Алайда, кәсіпқой боксқа ауысқаннан кейін ол 2013 жылы Канадаға көшіп, 2022 жылы сол елдің азаматтығын алды. Осылайша, ол Ресейден шыққан алғашқы әлемнің абсолютті чемпионы атанып отыр.

Дмитрий Бивол болса Қырғызстанда туып, бала кезінде Ресейге қоныс аударған.