Боб Арум Жәнібек Әлімханұлын «сатып кетуі» мүмкін – америкалық журналист

Редактор
17.10.2024, 10:05

Арум бұған дейінгі промомутерлік саудада жеңісті Михайловичтің тарапына «сыйлай» салған болатын

Боб Арум және Жәнібек Әлімханұлы

Америкалық спорт журналисі Скуп Малиновский Legalbet.kz сайтына берген сұхбатында IBF және WBO чемпионы Жәнібек Әлімханұлын (16-0, 11 КО) әйгілі Бернард Хопкинспен салыстырып, оның промоутері Боб Арумннен қауіптенетінін де жасырған жоқ.

Айта кетейік, Аустралияда Андрей Михайловичті нокаутпен жеңгеннен кейін WBO Жәнібекті британиялық боксшы Хамза Ширазбен жұдырықтасуға міндеттеген болатын. Тіпті, аталған дивизионның белбеуін қазақ боксшысынан тартып алу мәселесі де қаралған.

«Михайловичпен жұдырықтасқанда WBO титулы сарапқа салынбады. Олар Жәнібектен оны тартып алып, саудаға шығарғысы келген, бірақ бұл жоспары жүзеге аспай қалды. Енді Хамза Ширазбек жұдырықтасуға міндеттеп отыр», - дейді Малиновский.

Бұл жағдайды америкалық журналист әйгілі Бернард Хопкинстің басынан өткен қиындықтармен салыстырып отыр.

«Мұның бәрі маған Бернард Хопкинске қарсы жасалған саяси әдістерді еске түсірді. Орта салмақтың королі болған Хопкинсті ойыннан шығарып тастау үшін кезінде талай құйтырқы әрекет істелді, оны қайта-қайта қолайсыз қарсыластармен жекпе-жекке шығарып, тек мықтыларға қарсы қойды. Мысалы, Мэйвезерге ешқашан мұндай қарсыластар берілген жоқ. Бірақ, соған қарамастан, Хопкинс өз мықтылығын дәлелдей алды. Әлімханұлы маған Хопкинсті еске түсірді. Ол да ертең Ширазды сөзсіз жеңіп, титулын қорғайды», - дейді ол.

Сөз арасында Скуп Малиновский Жәнібек Әлімханұлының промоутері – әйгілі Боб Арумнан күдіктенетінін де жасырған жоқ.

«Жәнібек Боб Арумға қаншалықты сеніп артып, оған өз тағдырын ұстата алады, мәселе осында болып тұр. Арум оны сатып кетпей ме? Боб Шираздың промоутері Фрэнк Уорренмен өте тығыз қарым-қатынаста. Кезінде екеуі Тайсон Фьюриді бірге дайындаған. Сондықтан, Арумның ниетін жақсылап тексеру қажет. Жәнібек өзі тексеруі керек. Егер Уоррен промоутерлік сауданы ертең жеңіп алса, онда Арумнан күдіктене беруге болады», - деді Малиновский.

Еске салайық, соңғы жекпе-жегін Жәнібек Әлімханұлы 4 қазанда Аустралияда жаңазеландиялық Андрей Михайловичке қарсы өткізіп, тоғызыншы раундта нокаутпен жеңді. Артынша WBO оны Хамза Ширазбен (21-0, 17 КО) жұдырықтасуға міндеттеді.