«Шойынбалға» атанған Өзбекстандағы қазақ боксшысы Американы бағындыруға аттанды

Редактор
20.10.2024, 23:18

Париж Олимпиадасында оның жолы болмады

Olympic.uz

Бокстан 2023 жылғы әлем чемпионы, Өзбекстандағы этникалық қазақ Руслан Абдуллаев ресми түрде кәсіпқой боксқа ауысты. Ол Америкаға келісімшарт жасауға кетті. 

Боксшыны шығарып салған жақындары төрт тұжырым бойынша белбеу иеленуге тілектестік білдірген. Боксшы Париждегі сәтсіздіктен кейін осындай шешімге келіпті.

Айта кетейік, Руслан Абдуллаев 2020 жылы Қазақстанға көшіп келмек болған. Алайда, бұл әрекеті жүзеге аспады. Ал 2023 жылы ол бокстан әлем чемпионы атанды. 2022 жылы Азия чемпионы болған. Париждегі Олимпиада ойындарында жеңіліп қалды.

Еске салсақ, бұған дейін Өзбекстан құрамасының бас бапкері Тулкин Киличев «Студия бокса Виктора Ялымова» Youtube-арнасына берген сұхбатында қазақ боксшысының мақтауын асырған болатын.

«Руслан — соққылары мығым, шойынбалға секілді боксшы! Қолдары алтын. Егер ол кәсіпқой боксқа дұрыстап дайындалса, онда барлық атақты оп-оңай алатынына күмән жоқ. Он айқастан соң-ақ ол төрт чемпиондық атаққа қол жеткізеді. Мен мұны оның бапкері, бұрыннан білетін адам ретінде айтып отырмын. Кәсіпқой бокс қолғабын кисе, бәрін тас-талқан ететіні анық», - деген болатын Киличев.