27 жастағы Әбілхан Аманқұл 2017 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Әбілхан Аманқұл Қазақстан құрамасымен бірге жаттығуға кірісіп, әуесқой боксқа оралмақ.
«Кәсіпқой бокста өнер көрсеттім, бірақ жекпе-жектер болған жоқ. Бір жарым жылдай шаршы алаңға шықпадым. Бірақ жаттығуды жалғастыра бердім. Соңғы екі ай бойы демалдым. Қазір ұлттық құрамамен жаттығуға кірістім. Қазақстан чемпионатында бағымды сынап көргім келеді, әрі қарай көре жатармыз», — деді Аманқұл бокс федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Естеріңізде болса, 27 жастағы Әбілхан Аманқұл 2017 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2018 жылы Азия ойындарының вице-чемпионы және 2017 жылы Азия біріншілігінің қола жүлдегері атанған.
2022 жылғы маусым мен 2023 жылғы қыркүйек аралығында Әбілхан кәсіпқой бокста өнер көрсетіп, бес жекпе-жек өткізді. Оның еншісінде 4 нокаут пен бір тең айқас бар.